«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының екінші реформасын іске асыру барысы туралы баспасөз конференциясында ҚР Жоғарғы соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұрсерік Шәріпов, ҚР әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов, ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев және ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасының орынбасары Бағлан Бекбауов сөз сөйледі. 

Нұрсерік Шәріпов сот төрелігінің үш деңгейлі жүйесіне көшу әр инстанцияның рөлін күшейткенін және сот шешімінің ақырғы күшіне енуін жылдамдатқанын айтты. Сондай-ақ Ұлт жоспарын орындау аясында судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің біліктілік талаптары мен тетіктері біршама қатаңдағанын баяндады. 

Жанат Ешмағамбетов жекеменшік сот орындау институтына көшу халықаралық тәжірибені ескере отырып жүргізіліп жатқанын және 2015 жылы «Атқарушылық iс жүргiзу» туралы Заңға сот орындауының жекеменшік жүйесіне іс жүзінде толық көшуге мүмкіндік беретін бірқатар өзгерістер енгізілгенін хабарлады. 

Ерлан Тұрғымбаевтың баяндауынша, Ұлт жоспарының 30 қадамын жүзеге асыру аясында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жергілікті полиция қызметі құрылған. Сондай-ақ ол полиция қызметкерлерінің қызметі барысында бейнетіркеуіштерді қолдану оң нәтиже көрсете бастағанын атап өтті.

Бағлан Бекбауов Ұлт жоспарының 32 қадамы аясында 2016 жылы жұртшылыққа қылмыстылық жағдайы туралы және ішкі істердегі бақылау туралы шұғыл ақпарат беру үшін «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталы құрылғанын атап өтті. Онда еліміздің облыс және аудан орталықтары көрсетілген; Картаның бірегейлігі - онда сотқа дейінгі зерттеулердің Бірыңғай тізілімінің негізіндегі деректер базасымен бірігуі. 

Журналистердің ҚР Жоғарғы соты жанындағы Сот төрелігі академиясының түлектерінің алдағы кәсіби қызметтерін таңдау құқығы, Төреші әдебінің кодексі мен соттарды аттестаттау тәртібі туралы сұрақтарына Нұрсерік Шәріпов жауап берді.  

Бағлан Бекбауов Карта бойынша құқық бұзушылықтардың орналасуына қатысты функция жұмысы туралы толығырақ айтты. 

Жанат Ешмағамбетов құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан күш көрсетуге жауапкершілік, құқық бұзушылық үшін салынған айыптарды өтеуге арналған төлем терминалдары туралы сұрақтарға жауап берді. 

Ерлан Тұрғымбаев полицияны бейнетіркеуіштермен қамтамасыз ету, қоғамдық көмекшілердің жұмысы, ҚР инфрақұрылымын жаңғырту бойынша әзірленген жобалар, қамау орнындағы және босатылғаннан кейінгі жұмысбастылық туралы айтып өтті.