• ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов 2017 жылдың 7 айындағы өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту барысы туралы мәлімдеді.

  • ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Бизнестің жол картасы 2020» Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру барысы туралы айтты.

  • ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2017-2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы есеппен таныстырды.   

  • ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту барысы туралы баяндамасымен таныстырды.

  • «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма басшысы Абылай Мырзахметов жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды оқыту мен еңбекпен қамтудың түйіткілді мәселелері мен соған қатысты ұсыныстар бойынша сөз сөйледі.

  • Сондай-ақ, Тимур Сүлейменов «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының қаржылай емес қолдау құралдарының тиімділігі туралы айтып өтті.

  • «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов Қазақстанда кәсіпкерлікке кешенді қолдау көрсету шаралары мен кәсіпкерлерге кезігетін мәселелерді шешу туралы хабарлады.

  • Сонымен қатар, Абылай Мырзахметов кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету бағыттары туралы, сервистік көмек алған қатысушылардың санының артуы мен ақпараттық қамсыздандыру туралы мәлімдеді.

  • ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР ҰЭМ-ға, жауапты мемлекеттік органдарға және ҰКП-ға «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп және жергілікті атқарушы органдармен 2017 жылға бөлінген қаражаттарды уақытылы игеру туралы, сондай-ақ бағдарламаны жетілдіруге қатысты ұсыныстарды пысықтау туралы бірқатар тапсырмалар берді.

  • Бақытжан Сағынтаев жұмыс орындарын ашу әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі белгісі болатынын атап өтті. Сондай-ақ Бақытжан Сағынтаев еңбек министрлігі атаған бағдарлама құралдарын жетілдіру бойынша ұсыныстарға қолдау көрсетіп, оларды барлық мемлекеттік органдар пысықтағаннан кейін, қыркүйектің соңына дейін Үкіметке бекітуге ұсыну қажеттігін айтты.

  • Бұдан өзге, ҚР Премьер-Министрі жұмыссыздар мен жастарды оқыту бойынша әлеуметтік пакеттерді сәйкестендіру идеясына қолдау білдірді.