— Отырыс барысында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шаралары; 2017 жылғы əлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының алдын ала қорытындылары; Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірыңғай перспективалық жоспар қаралды.

— Бақытжан Сағынтаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауындағы Мемлекет басшысының міндеттерін іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

— Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындылары туралы баяндады.

— Ұлттық банктің басқарма төрағасы Данияр Ақышев банк саласындағы жылдың алдын ала қорытындысын жариялады.

— Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуының алдын ала қорытындылары туралы айтты.

— Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

— Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бірқатар облыстарда ауа райы жағдайының нашарлауына байланысты ТЖ алдын алу шаралары туралы баяндады. Осылайша, автокөлік құралдары қозғалысын шектеу шаралары қабылданды. Барлық жолдарда бақылау бекеттері, жол полициялары, жол қызметтері патрульдері орнатылды, Төтенше жағдайлар комитеті құтқарушыларының кезекшілігі ұйымдастырылды. Астанада, облыс орталықтарында, елді мекендерде полиция мен ТЖК коммуналдық және көлік құралдарына жолдарды тазарту бойынша көмек көрсетуде. Қажет болған жағдайда толық дайындыққа келтірілген резервтік күштер пайдаланылады. «Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, халық ауа райы жағдайы туралы ақпаратты тұрақты алып отыр», — деп түйіндеді Қ. Қасымов.

— Үкімет отырысы бойынша Бақытжан Сағынтаев бірқатар тапсырмалар берді.

— ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында әлеуметтік-экономикалық даму және 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары туралы тілшілердің сұрақтарына ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен қаржы министрі Бақыт Сұлтанов жауап берді.

—Тимур Сүлейменов айтып өткендей, 2018 жылы инфляция деңгейі 5-7% дәлізде болады. Министр инфляцияны жоспарланған дәлізде сақтау бойынша алдын алу шаралары туралы айтты.

— Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында белгіленген іс-шараларды қаржыландыру тетіктері туралы айтты. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда республикада бюджеттің бос қалдықтары бар — 125 млрд теңге және 100 млрд теңгеден астам жергілікті бюджеттердің бос қалдықтары. Бұл қаражат Жолдауда айтылған Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін пайдаланылады.