ҚР Үкіметінің отырысы, 06.12.2022

6 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Үкімет отырысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы қаралды. Аталған тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.

— Премьер-Министр жекешелендіру мәселелері мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынының ерекше бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар, Үкімет басшының айтуынша, объектілердің сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек. Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру қажет. Қорытындылай келе, Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-сын сапалы өткізуді қамтамасыз етуді, ал Қаржы министрлігіне Кешенді жоспар объектілерінің сатылуына бақылауды күшейтуді тапсырды.

— Сонымен қатар отырыс барысында балық саласын дамыту мәселелері қаралды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады.

— Баяндамашыларды тыңдап болған Премьер-Министр балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Оның ішінде, балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру үшін учаскелерді беру рәсімін жеңілдету, отандық балық өнімдерін сататын арнаулы объектілер құру және Атырау облысындағы бекіре зауыттарын реконструкциялауды бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселесін пысықтау қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу