ҚР Үкіметінің отырысы, 11.01.2023

11 қаңтарда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

– Отырыста 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов, ауыл шаруашылығы Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндама жасады.

– Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы қалыпты даму қарқынын сақтап қалғанын атап өтті. Былтыр экономиканың нақты өсімі 3,1%-ды құрады. Нақты сектор, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң көрсеткіштер тұрақты өсудің негізгі факторы болды.

– Үкімет отырысында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар қаралды. Бұл тақырыпта Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасады.

– Премьер-Министр «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң биылғы наурыз айынан бастап қолданысқа енетінін атап өтті. Бұл құжат кредитін төлей алмай, қиындыққа тап болған жеке тұлғалардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Әлихан Смайылов тиісті заңға тәуелді актілердің бәрін жедел әзірлеп, қабылдауды, сондай-ақ онлайн-режимде қадағалап отыруға мүмкіндік беру үшін азаматтардың өтініш беру және оларды электрондық түрде өңдеу процесін автоматтандыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу