Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №46

2020 жылғы 27 қаңтар – 1 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 1 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Мемлекет басшысы екіжақты стратегиялық және одақтастық қатынастарды одан әрі тереңдете берудің маңыздылығын атап өтті. Кездесуде 31 қаңтар күні Алматы қаласында Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланған ЕҮАК отырысының қорытындылары талқыланды. 

  • Алматыда 31 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысына және «Digital Almaty» форумына қатысу үшін келген РФ Үкіметінің Төрағасы М. Мишустинмен кездесу өткізді. А. Мамин мен М. Мишустин биыл қараша айында Көкшетау қаласында өтетін «Экологиялық ынтымақтастық» тақырыбындағы XVII аймақаралық ынтымақтастық форумына сапалы әзірленудің маңыздылығына баса назар аударды.

  • Асқар Мамин Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысына және «Digital Almaty» форумына қатысу үшін Алматы қаласына келген Беларусь Премьер-Министрі Сергей Румаспен және Молдова Премьер-Министрі Ион Кикумен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесуде екіжақты экономикалық ынтымақтастық пен ЕАЭО форматындағы өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.

  • ҚР Үкіметінің басшысы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысып, олардың барысында ЕАЭО кеңістігіндегі экономикалық интеграцияның өзекті мәселелерін шешу бойынша бірқатар бастамалар көтерді. А. Мамин қазақстандық тарап бастамашы болған Кедергілерді жою тәртібіне түзетулерді жеделдетіп келісу қажеттігіне баса назар аударды, бұл жүгінулердің қарастырылу процесін 3 айға дейін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. 

  • ҚР Премьер-Министрі шараның арнайы шақырылған қонағы – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ф. Хохшильдпен кездесу өткізді, онда БҰҰ цифрлық күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның аймақта цифрландыру мен инновацияларды ілгерілетудегі рөлі талқыланды.

  • Асқар Мамин «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумының ашылуына қатысты. «Деректер мен жасанды зерде негізінде тұрақты аймақты құру» тақырыбындағы форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде ҚР Премьер-Министрі Қазақстанда жасанды зердені қолданудан болатын жалпы экономикалық тиімділік жылына шамамен $25 млрд құрауы мүмкін екенін атап өтті. ЕАЭО мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшылары «Digital Almaty Awards» байқауының жеңімпаздарына сыйлықтар табыс етіп, құқық қорғау, қаржы-банк, білім беру және медициналық салалардағы үдерістерді автоматтандыру және цифрландыру бойынша Қазақстанның АТ-компаниялары мен стартап жобаларының көрмесімен танысты.

  • 30 қаңтарда ҚР Премьер-Министрі цифрландыру және инновациялар саласындағы шетелдік іскерлік, үкіметтік және сарапшылық орта өкілдерімен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында мемлекеттік қызмет көрсету саласын, салық жүйесін цифрландыру, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау, сондай-ақ АТ-мамандарын даярлау мен олардың біліктілігін арттыру бойынша тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.

  • Сейсенбі күні, 28 қаңтарда, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкіметтің 2020 жылғы 24 қаңтардағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау шаралары қаралды, сондай-ақ Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасы қабылданды. ҚР Президентінің өнімсіз бюджет шығыстарын қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет басшысы министрлерге, өңірлердің әкімдеріне және ұлттық компаниялардың басшыларына бір апта мерзім ішінде Қаржы министрлігіне тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

  • Сол күні Асқар Мамин Ұлттық автомобиль павильонын аралап, онда Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамытудың 2020 жылға арналған жоспарларымен танысты. Үкімет басшысына «Damas» автобусының, «Labo» жүк машинасының, сондай-ақ «Chevrolet» (Tahoe, Traverse, Trailblazer, Equinox, Malibu, Tracker, Onix, Spark және т. б.) автомобилдерінің модельдері таныстырылды, оларды Қостанай қаласында құрастыру жоспарланған.

  • ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің қатысуымен «Узавтосаноат» АҚ және «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» арасында ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС мен «UzAuto Motors» АҚ арасында автокөліктердің құрауыштарын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу