Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №116

2021 жылғы 7-13 маусым аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 10 маусымда, бейсенбі күні, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-пленарлық отырысы онлайн форматта өтті. Шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытуға арналған жиынға ірі трансұлттық компаниялардың басшылары, мемлекеттік органдардың жетекшілері және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті, онда 4 мәселе қаралды, атап айтсақ: санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, ҚР 2021 жылғы қаңтар-мамырдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы, көктемгі егіс жұмыстарының аяқталуы, тұрғын үй нарығына құрылыс материалдарының қымбаттауының әсері мәселелері қаралды. Бірінші мәселені қарау барысында Үкімет басшысы жазғы кезеңде, әсіресе Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды. Екінші мәселенің қорытындысы бойынша, А.Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, тамақ өнімдерін өндіруді ынталандыру және ішкі нарықты олармен толықтыру бойынша пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Көктемгі егіс жұмыстары бойынша мәселені қарау барысында Премьер-Министр агрохимикаттардың, минералды тыңайтқыштардың және арзандатылған дизель отынының қажетті көлемін уақытылы жөнелтуді қамтамасыз етуді, қысқа мерзімде еліміздің оңтүстігінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша жоспарланған іс-шараларды өткізуді тапсырды. Төртінші мәселені қарау барысында А. Мамин жосықсыз өндірушілер мен жеткізушілерге қатаң шаралар қабылдауды, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақ мерзімді сатып алу шарттарын жасасу мүмкіндігін пысықтауды, құрылыс саласында импортты алмастыру бойынша жоспарланған жобалардың уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

  • 8 маусымда, сейсенбі күні, ҚР Премьер-Министрі Атырау облысына жұмыс сапары аясында мұнай-газ химиясы және мұнай-газ машинасын жасау салаларындағы ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Үкімет басшысы Қашаған кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысы — газ өңдеу зауытының құрылысын бастап берді. А.Мамин сондай-ақ балық өсіру шаруашылығының қызметімен және Атырау қаласының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету инфрақұрылымының дамуымен танысты.

  • Жұма күні А. Мамин Біріккен Араб Әмірліктерінің азық-түлік қауіпсіздігі министрі Марьям Әл Мухейримен кездесу өткізді. Кездесуге БАӘ-нің ірі бизнес өкілдері қатысты. Тараптар екі елдің сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік, энергетикалық және басқа да салалардағы ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

  • Осы күні ҚР Премьер-Министрі Қазақстанның Еуропалық Одақпен инвестициялық ынтымақтастығы жөніндегі диалогтың 7-отырысын өткізді. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту, ҚР-ның төмен көміртекті экономикаға көшуі, сондай-ақ декарбонизация процесіндегі ынтымақтастық әлеуеті мәселелері қаралды. А. Мамин Еуропалық Одақ елшілерін Қазақстанның ЕО-мен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын дамытуға жәрдемдесу бойынша одан әрі ашық және белсенді диалог орнатуға шақырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу