Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №76

2020 жылғы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • 1 қыркүйек күні Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев Қазақстан Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялап, елімізді одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды. Мемлекет басшысы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, жаңа заман талаптарына сәйкес экономикалық даму, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, ауылшаруашылығы саласын, көлік-логистика кешенін, шағын және орта бизнесті, қаржы секторын, өңірлік даму және қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын арттыру секілді бірқатар бастама көтерді.
  • Сәрсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың а.ж. 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысы халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономиканы одан әрі дамыту бойынша үлкен міндеттер жүктелгенін атап өтті. Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бәсекеге қабілетті нақты секторды белсенді дамытуды және экспорт құрылымын әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы Жолдауының барлық бағыттарын іске асыру бойынша биылғы 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Президенттің бекітуіне енгізіледі.
  • 2-3 қыркүйек күндері ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына барып, ірі инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік даму бағдарламаларының іске асырылу барысын тексерді. А. Мамин жолдар бойынша құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырып, көлік инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз ету мен оны биыл пайдалануға берудің маңыздылығын атап өтті. Үкімет басшысы сапар аясында денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының жұмысымен, сондай-ақ инженерлік және тұрғын үй инфрақұрылымының құрылысымен танысты.
  • Сенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорнына барды, кәсіпорын пандемия жағдайында өкпені жасанды желдету стационарлық аппараттарының өндірісін ұйымдастырған. Үкімет басшысы өндіріспен танысып, еліміздің медицина мекемелеріне өнімдерді уақытылы жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу