Биыл елімізде бес жүз шақырымнан астам жаңа автожол іске қосылады – Ж. Қасымбек

Биыл ел аумағында 528 шақырым жол көлік қозғалысы үшін ашылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифинг барысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты.

Министрдің айтуынша, ел аумағы бойынша былтыр 600 шақырымнан астам республикалық маңызы бар жол іске қосылған. Ал биыл 528 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Жол бойынша жиырмадан астам ірі жобалармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жобалар Қазақстан өңірлерінің барлығын дерлік, шығысты, батысты, орталықты және басқа да аймақтарды қамтитын болады», — деді ол. 

Жалпы, алдағы 3-4 жылдың ішінде республикалық маңызы бар жолдардың 4 мың шақырымнан астамы жөнделетін болады. Оларда жыл сайын 100 мыңға жуық жұмыс орындары ашылмақ. 

«Сондықтан осы жобалардың біздің экономикамызға әсері зор, маңызы жоғары болмақ», — деді Ж. Қасымбек.

Министр алдағы уақытта енгізілетін ақылы жолдарға да тоқталды.

«Біз Астана – Теміртау, Қапшағай – Алматы және Алматы – Қорғас жолдарын пилоттық режимде ақылы етпек болдық, бұл жұмыстарды бірінші тоқсанда бастауға ниетті едік. Бірақ техникалық мәселелер туындауына байланысты кейінге қалдырдық. Бірінші тоқсанда құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, екінші тоқсанда пилоттық режимде жұмысын бастаймыз», — деді Ж. Қасымбек. 

Инвестициялар және даму министрлігі бұл жолдар биылғы жылдың маусым айында толық стационарлық ақылы режимге көшеді деп жоспарлап отыр. Атап айтқанда, осы үш жол учаскесі — Алматы – Қорғас жолы, Алматы – Қапшағай және Астанадан Теміртауға дейінгі жол ақылы болмақ.

«Бүгінгі таңда тек бір жол ғана ақылы режимде жұмыс істеп тұр, ол — Астана –Щучинск жолы», — деді сала басшысы. 

Жалпы, 2020 жылға дейін ақылы жолдарды 6,5 мың шақырымға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол шамамен жылына 30 млрд теңге табыс әкеледі. 

Сонымен қатар, 5,5 шақырым жол үшін мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетіктерін пайдалану арқылы іске асыру қарастырылған. Биылғы жылдың екінші жартысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшарты жасалады.

«Тиісті конкурс өткізілді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін, бәлкім, бірінші жартыжылдықта МЖӘ келісімшартына қол қоямыз деп отырмыз», — деді Ж. Қасымбек.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз