Үкіметте Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың Өңіраралық схемасы мақұлданды

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасының жобасын таныстырды.

Жеңіс Қасымбек хабарлағандай, Ақтөбе облысының көлік-логистикалық әлеуетін дамыту аясында қазіргі уақытта «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» Халықаралық транзиттік дәлізін жөндеу және «Хромтау — Алтынсарин», «Жезқазған — Сексеуіл — Шалқар — Бейнеу» теміржол желісін салу аяқталды.

Халықтың жұмылғыштығын арттыру, жүктердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін 63 км Ақтөбе автожолдар айналымын (Үлкен Оңтүстік және Батыс) салу, «Қандыағаш — Мақат» учаскесінде «Орталық — Батыс» дәлізін жөндеу, республикалық маңыздағы автожолдар: «Ақтөбе — Атырау — РФ шекарасы (Астраханьға)», «Ақтөбе — Қандыағаш» учаскесінде, «Ақтөбе — РФ шекарасы (Орск)», облыстық және 20 аудандың маңыздағы бес автожолды күрделі жөндеу ұсынылды.

143 км электрлендірілген теміржол желілерін («Бестамақ — Құрайлы» және «Бестамақ — Хромтау») салу, сондай-ақ Ақтөбе және Қандыағаш қалаларында көлік-логистикалық орталықтар құрылысы қарастырылған.

Бұдан өзге, 8 көлік-ауысып отыру торабын құру жоспарланған: агломерация орталығында — агломерация аумағында көлік ағымдарын реттеу үшін

Ақтөбе және негізгі көлік бағыттары (Атырау, Қостанай, Орал, Орынбор, Шұбарқұдық, Орск және Мәртөк).

«Ұсынылған шаралар еліміздің стратегиялық хабы ретінде Ақтөбе қаласының рөлін күшейтуге септігін тигізеді», — деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, министр хабарлағандай, агломерацияның инженерлік инфрақұрылымын қисынды дамыту халық пен бизнестің су, газ және энергиямен қамтуға сұранысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан өзге, схемаға сәйкес агломерацияның электр энергиясына және жалпы Батыс өңірінің сұранысын қамтамасыз ету үшін «Өлке — Атырау» 500 кВ жүйеаралық әуе желісін салу ұсынылды.

Сонымен бірге, қолданыстағы, жаңа электр желілерін және құрылымдарды қайта құру және жаңғырту (110 кВ «Батыс», «Шығыс» қосалқы станциялары, «Шығыс» қосалқы станцияларды кеңейту және басқалары) және 2030 жылға қарай 6,3 млрд кВт.сағ көлемінде электр энергиясына болжамды сұранысты қамтамасыз ету үшін жеке инвестицияларды тартумен жаңғыртылатын энергия көздері балансына тарту (Қарғалы ауданында 48 және 300 МВт жел станциялары, Алға қ. күн станциялары) қарастырылған.

«Агломерацияны газдандыру қаларалық және ауыларалық газ желілерін салу есебінен 99% жетеді. Сумен қамту инфрақұрылымын дамыту шараларын іске асыру 70 елді мекеннің орталықтандырылған сумен қамтуға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 100% дейін ұлғайту ұсынылады. 2030 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдардағы орындар саны 2,5 есе артып, шамамен 85 мың орынды құрайды.

«Халықтың перспективалы санының өсуін ескергенде 2020 жылға дейін үш ауысымдық және апатты мектептерді жою қажет. 2030 жылға қарай оқушылар орындарының саны 58% артады және 141,5 мың орынды құрайды. Амбулаториялық-емхана ұйымдарын дамыту бір ауысымда келушілер санын 2030 жылға қарай 56% арттыруға (бір ауысымда 16,7 мың келуші) мүмкіндік береді. Агломерацияның тұрғын үй қоры 12-ден 26 млн м2 дейін артады, оған қоса қамтамасыз етілгендік 2030 жылға қарай бір адамға 21-ден 28 м2 дейін ұлғаяды», — деп қорытындылады Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, инвестициялар және даму министрі агломерация аумағының экологиялық жағдайын жақсарту үшін ауа алабын қорғау, Ақтөбе қ. және аудан орталықтарындағы кәріз тазартқыш құрылыстарын салу және жөндеу шараларын күшейту қажет.

«Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін енгізу (ҚТҚ 18 полигонын, Ақтөбе қ.-да қоқысты қайта өңдеу зауытын, Қандыағаш, Хромтау, Алға қалаларында қоқысты сұрыптау желілерін салу) халықты оларды жинау және шығару бойынша қызмет көрсетулермен 100% қамтамасыз етуге және оларды қайта өңдеу көлемін 2030 жылға қарай 40% дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді министр Жеңіс Қасымбек.

Табиғи экожүйелерді және биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында «Қарғалы» (Қарғалы ауданы) өңірлік табиғи саябағын және «Айдарлыаша» (Хромтау ауданы) геосаябағын салу ұсынылды.

Агломерация аумағында «тарихи» ластану нысандарын жою үшін Ілек өзенін алтывалентті хром және бормен ластанудан тазарту мен бұрынғы Алға химия зауытының қалдықтарын жою бойынша жұмыстар жүргізу қажет.  

«Ұсынылған шаралар елдік масштабтағы өңірдің қазіргі ресурстық әлеуетін және позициясын ескере отырып, Ақтөбе агломерациясын кешенді дамытуға септігін тигізеді, сондай-ақ болашақта өңірдің бәсекелік артықшылықтарын іске асыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.

Аталған мәселе бойынша сондай-ақ Ақтөбе облысы әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз