10 жыл ішінде АХҚО институттары арқылы Қазақстанға $40 млрд дейін қаражат тартылады — Қ. Келімбетов

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов қаржы орталығының перспективалары, сондай-ақ АХҚО-ны әлемдік инвестициялық қауымдастыққа ресми таныстыру күні туралы мәлімдеді.

 

«1 қаңтарда орталықтың ресми ашылуы болып, оның барлық құрылымдарының жұмыстары басталды, ал 5 шілдеде инаугурация немесе тұсаукесер рәсімі болады. Мемлекет басшысы АҚШ-қа ресми сапары кезінде және Давостағы халықаралық экономикалық форумның қатысушыларына арнаған бейнежолдауында халықаралық қаржы және инвестициялық қауымдастық мүшелерін 4-5 шілдеде өтетін Astana Finance Days конференциясы аясында АХҚО инаугурация рәсіміне қатысуға шақырды», — деп хабарлады АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов.

Қайрат Келімбетовтың айтуынша, «Астана» қаржы орталығының елеулі мүмкіндіктерінің Astana Finance Days үш күндік конференциясы аясында әлемдік инвестициялық және қаржы элитасына ұсынылатыны үлкен мәнге ие.

Жалпы алғанда, қазірдің өзінде 20-ға жуық компания АХҚО заңнамасына сәйкес тіркеуге өтінім берді. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 5-10 есеге арттыру көзделген. АХҚО жылдың соңына қарай өзінің толық жобалық қуаттылығына жетуі тиіс: барлық институттар іске қосылады, тексерістен өтіп, тиісті түрде сертификатталады, ал АХҚО тіркеу аясында көптеген компаниялар толық ауқымды қызметтерін бастайды.

Сонымен қатар Қайрат Келімбетов АХҚО 15-20 жылдың ішінде топ-30 жаһандық қаржы орталықтарының қатарына, 10 жыл ішінде — 20 үздік Азия қаржы орталықтарының қатарына қосылатынына сенім білдірді. Бұған қоса, алғашқы 3-5 жыл жобалық қуаттылыққа жетуге жұмсалады.

Қайрат Келімбетов бюджетке қатысты, АХҚО биржасы 3-5 жыл ішінде өз шығынын өзі өтеу деңгейіне жетеді деп жоспарланып отырғанын атап өтті.

«Жақында құрылған Дубайдағы, Әбу-Даби секілді әлемнің жетекші қаржы орталықтары сияқты, біз 3-5 жыл ішінде бюджеттік салымдарға қазіргідей тәуелді болмай, көбіне инвестицияларды тарту мүмкіндігіне басымдық береміз деп көздеп отырмыз. Алдағы 3-5 жыл ішінде АХҚО жұмысының арқасында $3-дан $5 млрд дейін қаржы тартамыз деген жоспарымыз бар. Бұл біздің пессимистік бағалауымыз деуге болады», — деді АХҚО басқарушысы.

Қорытындылай келе, Қайрат Келімбетов жалпы алғанда 10 жыл ішінде ҚР-ға АХҚО институттары арқылы $40 млрд дейін қаражат тартылатынын айтты.

Читать на primeminister.kz

Рекомендуемые новости