Ж. Қасымбек: «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге зор серпін береді

Кеше Мемлекет басшысы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында ұсынған бес әлеуметтік бастаманың біріншісін іске асыру елімізде ипотекалық несиелендіру нарығын, құрылыс саласын дамытуға, тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамтудың үлесін арттыруға зор серпін береді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте инвестициялар және даму министрі Жеңіс Касымбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасы қолжетімді тұрғын үй алудың тағы бір ықпалды құралы болмақ.  

Осы мақсаттарға Ұлттық банк арнайы ұйымды құра отырып, «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасын әзірлейді. Негізгі шарттар, Елбасының тапсырмаларына сәйкес несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 7%-дан аспайды, бастапқы жарна 20%-дан аспайды, несие мерзімі 25 жылға дейін.

«Бұл азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге зор серпін береді. Бұдан өзге, барлық құрылыс саласында жаңа серпін болмақ. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысындағы қазақстандық қамту 84% құрады. Мемлекет басшысының жаңа бастамалары бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүмкіндік береді, барлық салаға зор серпін береді», — деді тілшілердің сұрақтарына жауап берген Жеңіс Қасымбек.

Жаңа ипотекалық несиелендіру бағдарламасына байланысты дүрлігуге қатысты қауіптенуге келер болсақ, министрдің айтуынша, олай болмайды.  

«Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев бүгін Үкімет отырысында бір аптада басқа да мүдделі органдармен және Ұлттық банкпен бірге бір аптада Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Біз осы тапсырмаларды орындаудың нақты тетіктерін әзірлейміз және бір аптадан кейін олар жайында нақты айта аламыз», — деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

1/7
2/7
3/7
4/7
5/7
6/7
7/7