Жаңартылған бағдарламамен оқитын пилоттық мектептерде білім беру сапасының орташа балы екі есеге өсті — Е. Сағадиев

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орта білім беру ұйымдарында жаңартылға мазмұнға көшу туралы баяндады.

Ерлан Сағадиев айтып өткендей, мектепте білім беруді жаңартылған мазмұнға көшіру басталды. Аталған жұмыс «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен білім және ғылымның мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүргізіліп жатыр.

«Жалпы білім беретін мектептерде жаңартылған мазмұнды енгізбес бұрын, Назарбаев зияткерлік мектептерінде, сондай-ақ 30 пилоттық мектепте сынақтан өткізілді», — деді Ерлан Сағадиев.

Сынақ нәтижесі бойынша пилоттық мектептердегі білім беру сапасының орташа балы екі есе өсті.

Жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларға көшу кестеге сәйкес жүргізіледі. Осылайша, 2016–2017 оқу жылында жаңартылған мазмұнға 1 сыныптар, 2017–2018 оқу жылында — 2, 5, 7 сыныптар көшті. Болашақта 2018–2019 оқу жылында 3, 6, 8 сыныптар көшеді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламаларымен оқытуға көшкен мұғалімдердің лауазымдық еңбекақылары 30%-ға артты (1, 2, 5, 7 сыныптар, а. ж. 1 қыркүйектен бастап — 3, 6, 8 сыныптар).

«Барлығы 200 мыңнан астам педагог немесе қазақстандық мұғалімдердің барлық санының 70% 2018 жылы жоғары жалақы алады», — деп мәлімдеді министр Ерлан Сағадиев.

Білім берудің жаңартылған мазмұнына нормативтік және әдістемелік көшу бойынша іс-шаралар «НЗМ» ДБҰ-мен бірге жүзеге асырылады. Бүгінде бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің жаңа мемлекеттік стандарттары дайындалды. Үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары бекітілді, оқулықтар әзірленді. Бағалаудың қағидаттық жүйесі енгізіледі.  

1, 2, 5 және 7 сыныптарға арналған оқулықтар жасалды және енгізілді. Бастауыш білім беру деңгейінде бірыңғай базалық оқулықтар енгізіледі. 2018-2019 жж. 3, 6 және 8 сыныптарға арналған оқулықтар енгізіледі. «Қоғамдық бағалау» порталында 3, 6 және 8 сыныптарға арналған оқулықтардың макеттері орналастырылған. 

«Біз ең танымал сайттарда баннерлер сатып алдық, оларға оқулықтарды қоғамдық сараптаманы орналастырдық. Сілтемені барлық 300 мың мұғалімге, мектеп директорларына, 2 млн ата-анаға жібердік. Бүгінде күніне 20 мыңнан астам адам оқулықтарды сараптауға шығады», — деп атап өтті министр.

Оқулықтарды сатып алуға қатысты төрт жылда бір рет оқулықтарды міндетті сатып алу бойынша норма алып тасталды. Білім беру стандарттары мен оқыту бағдарламаларында тек едәуір өзгерістер болған жағдайда ғана кітаптар қайта шығарылады.

Ерлан Сағадиевтің айтуынша, әкімдіктер оқулықтардың қажетті санын ғана сатып алуға құқылы. Баспаханалар міндетті түрде оқулықтардың электрондық нұсқасын ұсынады.

Наурызда келесі оқу жылына оқулықтар тізімі қалыптастырылады, сәуірде әкімдіктер оларды сатып ала бастайды.

«Жаңартылған мазмұнға көшу аясында біз мұғалімдерді цифрлық білім беру ресурстарымен қамтамасыз етеміз. Бүгінгі таңда мектептердің 100% цифрлық ресурстарға қолжетімді», — деп атап өтті Ерлан Сағадиев.

Жыл сайын 75 мың мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Қорытындылай келе, Ерлан Сағадиев жаңартылған мазмұнға көшу кестесінде өзгерістер болғанын айтты. Басында жаңартылған мазмұндағы бағдарламаны 0 сыныпта 2019 жылы енгізу жоспарланған еді. Бүгінде мұғалімдерді даярлаудың  бірыңғай бағдарламасы мен кестесі дайын, оқулықтар сараптамадан өтті. Бірақ, олардың бәрі кириллицада. Енді 0 сыныптардың шамамен 400 мың оқушысына оқулықтар басып шығару қажет.   

«Латын қарпіне көшуге байланысты аталған оқулықтарды бірден латын қарпінде басып шығару орынды деп есептейміз. Бұл қаржылай жағынан да тиімді болмақ. Мұндай өзгерістер жаңа мемлекеттік бағдарламаға енгізілді», — деді Ерлан Сағадиев.

Сондай-ақ аталған мәселені қарау барысында Қызылорда облысы әкімі — Қ. Көшербаев, Қостанай облысы әкімі — А. Мұхамбетов, Өскемен қаласы № 38 мектеп-лицейінің директоры И. Чернышова сөз сөйледі.

Мәселені қарауды қорытындылай келе ҚР Премьер-Министрі Бақтыжан Сағынтаев Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарында білім беру жүйесі арқылы адами капиталды дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76 мен 79 қадамдарына сәйкес орындалуда. Алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз — жаңа бағдарламалар мен оқулықтар әзірленуде, мұғалімдердің еңбекақысы ұлғаюда. Мұның бәрі білім беру сапасына әсер етері сөзсіз», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев білім беру саласындағы болып жатқан үдерістердің бәрін қоғамның түсінбеуі байқалып отырғанын атап өтті. Оқушылардың ата-аналары және Парламент депутаттары тарапынан сын айтылып жатыр.

«Осы реформаларды өткізу сапасы, олардың бірізділігі, оқулықтарға қатысты жағдай дау туғызып отыр, осыған қатысты мәселелер жылда қайталанады. Ерлан Кенжеғалиұлы, осы міндеттерді іске асыруға сізге жеке жауапкершілік жүктелген», — деп баса айтты Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Осыған байланысты, Бақытжан Сағынтаев жұмыс тәсілдерін қайта қарауды тапсырды, оған қоса мұғалімдер мен қоғамның пікірін ескеру, қабылданып жатқан жаңашылдықтарды кеңінен талқылау және келісімге келу маңызды.

Сондай-ақ білім және ғылым министрлігіне ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірге өткізіліп жатқан реформалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Мәселені үйлестіру Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелген.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз