Қазақстан Үкіметі тұрғын үй жинақтары мен жеңілдікті автонесиелендіру тетіктерін іске асыруды жалғастырады

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін және отандық автомобиль жасаушыларды бюджеттік несиелендіру мәселелері бойынша Үкімет Қаулысының жобасы мақұлданды. Аталған мәселеге қатысты индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж. Қасымбек баяндама жасады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банк жүйесі бойынша 660,6 млрд теңге жинағы бар 1,3 млн салымшы тіркелген.

Бұл салымшылар мемлекеттік қолдау шаралары есебінен баспаналы болуға ниетті «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының әлеуетті қатысушылары. 44,7 мың салымшының 195,9 млрд теңге жинағы бар (пәтер сомасынан 20% астам).

Өткен жылы банк 38,3 мың займ берді. Бұл 2017 жылдың деңгейінен 47%-ға артық. «2019–2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң аясында 2019 жылға 28 млрд теңге бөлу қолдау тапты. Бюджеттік несие Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 20 жылға беріледі.

Ж. Қасымбек тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі баспана алудың ең тиімді құралдарының бірі екенін атап өтті. Салымшыларға берілетін займдар бастапқы жарнасы 20%-ға дейін болған жағдайда 25 жылға 5%-пен беріледі.

Мәселен, құны 8,4 млн теңге болатын пәтердің (60 шаршы метр екі бөлмелі пәтер) ай сайынғы төлемі 60 мың теңгені құрайтын болады.

Бөлінген қаржы 3111 салымшының қолжетімді займ алуларына мүмкіндік береді. Бұл қаржы алдағы 15 жылда 3 рет айналымда болады, яғни тағы 6 мың салымшыға займ беріледі.

Жеңілдікпен автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылы іске қосылды. Ол жеңіл автокөліктерді несиелеуге және коммерциялық техниканы лизингтік қаржыландыруға бағытталған. Бұл бағдарлама аясында 3 жылда 13 992 жеңіл автокөлік, лизингке 747 коммерциялық техника берілді.

Отандық автоөндірушілерді қолдау мақсатында және халықты қолжетімді несиемен қамтамасыз ету үшін бұл тәжірибе жалғасатын болады. Биыл екінші деңгейлі банктерді жеңілдікпен қаржыландыру жолымен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ 10 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Оның 8 млрд теңгесі жеңілдікпен автонесиелеуге, ал 2 млрд теңгесі коммерциялық техниканы лизингтік қаржыландыруға беріледі.

Алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам автомобиль сату жоспарлануда. Келесі жылдары револьверлік қаражат есебінен бағдарлама бойынша орта есеппен жылына 400-500 отандық автомобиль сатылатын болады.

Министрдің айтуынша, 18 жыл бюджеттік несие беру автомобиль жасау саласын дамытуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда:

жалпы сомасы 33,7 млрд теңгенің өнімін сату арқылы қосымша көлемге қол жеткізіледі;

өндірістің жиынтық көлемі шамамен 8 128 автокөлікке жетеді;

ел бюджетіне салық және басқа да міндетті төлемдер көлемі 9,3 млрд теңгеден астам сомаға ұлғаяды.

Қаржы, әділет, ұлттық экономика министрліктерімен келісіліп ұсынылған қаулының жобасында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бюджеттік қаржыландырудың негізгі шарттары бекітіледі. Жобаны іске асыру үшін қаражаттар мемлекеттік бюджетте қарастырылған және Ж. Қасымбектің айтуынша, жоба теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға алып келмейді.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы А. Әріпханов бұған дейін бөлінген қаражат отандық автомобильдерді өндірудің тұрақты өсуіне әсер еткенін атап өтті. 2018 жылы 32,3 мың бірлік техника өндірілді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақстанда жасалған» белгісімен 28,2 мың жеңіл автокөлік сатылды. 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасына және республикалық бюджет туралы заңға сәйкес несиелік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру айналымын қамтамасыз ету мақсатында 28 млрд теңге бюджеттік несие бөлінеді. Сонымен бірге, Қазақстанның даму банкіне 10 млрд теңгеге бюджеттік несие бөлуді жоспарланып отыр.

Еліміздің өңірлерінде халыққа жеңілдетілген несие беру бағдарламалары қалай іске асырылып жатқаны туралы Астана қаласының әкімі Б. Сұлтанов пен Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндады.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

Читать на primeminister.kz

Рекомендуемые новости