ҚР Үкіметінде капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру тетіктерін әзірлеу жөніндегі ұсыныстар талқыланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру және елімізден қаражаттың жылыстауына қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған шараларды күшейту жөніндегі ұсыныстарды талқылау бойынша кеңес өткізді.

Осылайша, ҚР Премьер-Министрінің өкімімен Комиссия және оның аясында бес Жұмыс тобы құрылды. Аталған Жұмыс топтары ақшалай қаражаттың жылыстауы бойынша талдау жүргізіп, капиталды шетелден елге қайтаруды ынталандыру, шектеу шараларын енгізу, шығарылған капиталды қайтару шараларын қабылдауға байланысты тиісті ұсыныстарды әзірлейді.
 
Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне валюталық бақылаудың жекелеген функцияларын беру жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Ынталандыру шараларының бірі – келіп түскен валюталық түсімнің 80%-ына айырбас жасалған жағдайда, қайтаруға ұсынылған ҚҚС сомаларын оңайлатылған тәртіппен өтеу.

Сондай-ақ резидент еместерге дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктерді жою, резидент емес өзара байланысты тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді шектеуді енгізу сияқты шаралар ұсынылады.

«Трансферттік баға белгілеу туралы» ҚР Заңын жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді. Одан бөлек, капиталды елге қайтаруды ынталандыру, сондай-ақ капиталды елден шығаруды салықтық әкімшілендіруді күшейту бойынша да шаралар пысықталып жатыр.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар Мемлекет басшысының атына жолданады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу