Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев ірі шетелдік компаниялармен энергетика саласындағы перспективалы жобаларды талқылады

04 шілде 2018, 18:28
Фото: primeminister.kz

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Kazakhstan Global Investment Roundtable екінші халықаралық дөңгелек үстелінің қатысушыларымен: Energy Group Koc Holding компаниясының президенті Ягыз Эюбоглумен және Al Nowais Investments басқарма мүшесі Мохаммед Юсиф Мохаммед Әли Әл Новайспен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында экономиканың түрлі секторларында инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланып, энергетика саласындағы өзара іс-қимыл әлеуеті мен ірі бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары қаралды.

Energy Group Koc Holding компаниясының президенті Ягыз Эюбоглумен кездесуде Қазақстан мен Koc Holding-те ынтымақтастық орнатуға үлкен әлеует бар екені аталып өтті. Мұнай өңдеу, машина жасау, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар және жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секілді перспективалы бағыттар аталып өтті.

Ягыз Эюбоглу тау-кен металлургия кешені, геология және жер қойнауын пайдалану саласында Қазақстанмен өзара іс-қимылды нығайтуға қызығушылық танытатынын жеткізді.

Б. Сағынтаев бүгінгі таңда Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы негізінен құрылыс және туризм салаларында жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасы аясында нақты экономиканың басқа да секторларында екіжақты өзара іс-қимылдың әлеуеті аталып өтті.

1926 жылы негізі қаланған Koc Holding бүгінгі таңда Түркияның ең ірі инвестициялық холдингі. Оның құрамына энергетика, автокөлік өнеркәсібі, тұрмыстық электр техникасы өндірісі, қаржы қызметтері, қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс, АТ және т. б. салаларда жұмыс істейтін шамамен 110 ірі түрік компаниясы кіреді.

Al Nowais Investments ірі инвестициялық холдингтік компаниясының басқарма мүшесі Мохаммед Юсиф Мохаммед Әли Әл Новайспен кездесу аясында ЖЭК саласындағы қазақстандық жобаларға инвестиция салу мәселелері қаралды.

Мохаммед Юсиф Мохаммед Әли Әл Новайс компания ынтымақтастық орнатуға және Қазақстандағы жасыл энергетиканың дамуына ықпал етуге әзір екенін мәлімдеді.

Өз кезегінде, Б. Сағынтаев 2020 ж. қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде ЖЭК үлесі 3% құрауы тиіс екенін айтты. Kazakhstan Global Investment Roundtable халықаралық дөңгелек үстелінің қорытындысы бойынша көптеген компаниялар экономиканың аталған секторына инвестициялар салуға ниет білдірді.

Сондай-ақ, ЖЭК үздік жобаларын іріктеудің жаңа тетігі — аукциондар талқыланды. ҚР Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, аталған жүйе ЖЭК-тің аса экономикалық тиімді жобаларын дамытуға серпін береді. Аукциондар ЖЭК электр энергиясын шығару, тарату және тұтыну кезінде нарықтың барлық қатысушыларының ережелерін және жауапкершілігін нақты анықтауға жол ашады.

Айта кету керек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуымен шетелдік инвесторларда жаңа мүмкіндіктер пайда болады, ал орталық «жасыл» қаржыландырудың құралдарын, тетіктерін және стандарттарын енгізудің тиімді алаңы бола алады.

Қазақстан ТМД кеңістігінде алғашқы болып ЖЭК дамытуға институционалдық жағдайлар жасады. 2007 ж. Экологиялық кодекс қабылданды, 2009 ж. — ЖЭК пайдалануды қолдау туралы заң, 2013 ж. — «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданды.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз