Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Премьер-Министрі Сербия Президентімен кездесу өткізіп, Қазақстан–Сербия бизнес–форумына қатысты

09 қазан 2018, 17:37
Фото: primeminister.kz

Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев пен Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич екіжақты кездесу өткізіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстан–Сербия бизнес-форумына қатысты.

Кездесу барысында энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика, көлік және байланыс, қорғаныс өнеркәсібі, құрылыс, фармацевтика, мәдениет, білім және ғылым салаларындағы екі ел арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту және кеңейту мәселелері талқыланды. Қазақстан мен Сербияның бизнес құрылымдары арасындағы тікелей байланыстардың перспективалық бағыттары, екі елдің экспорттық әлеуетін жүзеге асыру, сондай-ақ екі елдің қаржылық жүйелерінің өзара әрекеттестігі, соның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.

Астанада ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев пен Сербия Президенті А. Вучичтің қатысуымен Қазақстан–Сербия бизнес-форумы өтті.

Шараға Қазақстан мен Сербияның АӨК, химия, туризм, медицина, көлік, телекоммуникация салаларындағы бизнес қауымдастықтарының 180-ге жуық өкілі қатысты. Сербия кәсіпорындары арасында Algotech (телекоммуникациялар), ChemicalAgrosava (химия), Akomed (медицина жабдықтарының өндірісі), Adanko (тоқыма), MeatINGBelgrade (ауыл шаруашылығы) және т.б. ірі компанияларды атап өтуге болады.

Форум қатысушыларына арнаған алғы сөзінде Бақытжан Сағынтаев елеулі экономикалық әлеуетке ие бола отырып, Сербия Еуропадағы Қазақстанның сенімді серіктесі екенін атап өтті. Былтыр Қазақстан мен Сербия арасындағы тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 59,1%-ға өсті ($41,9 млн). Сонымен қатар, екі елдің әлеуеті екіжақты бизнес және сауда қатынастарын бұдан да жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бұған Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия ықпал етеді.

Қазақстан Үкіметі жүйелі негізде инвестициялық ахуалды жақсарту мен инвестициялар тартуға жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Соңғы төрт жылда ҚР-да салық және кеден салаларында, кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету саласында 52 реформа жүргізілген. Салықтық жүктеме оңтайландырылған, артықшылықтар әзірленген. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы жобаларды жоспарлаудың рәсімдері жеңілдетілген, барлық мүдделі инвесторлар үшін МЖӘ табысты іске асырылған жобаларының бірыңғай дерекқоры қолжетімді. Көші-қон және еңбек заңнамасы жақсартылды, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі жеңілдетілді.

Инвесторлар үшін қызметтер «Бірыңғай терезе» қағидаты бойынша ұсынылады, еліміздің барлық өңірінде қызмет көрсетудің өңірлік кеңселері ашылған. Ашық диалог үшін Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі, Премьер-Министр жанындағы Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес жұмыс істейді, инвестициялық және бизнес-омбудсмен институттары енгізілген. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында Қазақстан «Ease of Doing Business» Дүниежүзілік банк рейтингісінде 36-орында, Орталық Азиядағы инвестициялық ахуал бойынша 1-орында және Орталық Азия елдерінің инвестицияларының 70%-дан астамы Қазақстан үлесіне тиесілі. Соңғы он жылда Қазақстан экономикасының түрлі секторларына $250 млрд жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылған.

Бұдан өзге, форумға қатысушыларға көлік және логистика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және инновациялық даму секілді Қазақстан экономикасының салаларына инвестициялар салу, сондай-ақ, жекешелендіру бағдарламасына қатысу перспективалары таныстырылды.

Өз сөзінде Сербия Президенті Александр Вучич Қазақстан — Сербия Республикасы үшін достық қарым-қатынастағы ел екенін атап өтті. Екіжақты ынтымақтастықтың бірнеше перспективалық бағыттары атап өтілді, бұл — машина жасау, атап айтқанда, автомобиль жасау, АӨК, сондай-ақ әскери-техникалық сала. Сонымен қатар, Қазақстан мен Сербия заманауи технологиялар саласында да ынтымақтатық орната алады. Ерекше сала — инвестициялар салу және бірлескен кәсіпорындар құру.

Сондай-ақ, А. Вучич Сербияның Қазақстанға инвестиция салуын жалғастыруға ниетті екенін жеткізді. Оған қоса, ол барлық қазақстандық инвесторларды өз еліне шақырды. Бұның орнына серб тарапы инвесторларға озық жағдайлар ұсынуға әзір, бұл — мемлекеттік субсидиялар, құрылған жұмыс орындарының саны бойынша субсидиялар және басқа да жеңілдіктер.

Форум барысында, сондай-ақ, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы А. Еренов, Сербияның Сауда-өнеркәсіптік палатасының халықаралық экономикалық қатынастар департаментінің директоры Е. Йованович, «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасының орынбасары М. Бірімжан, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Р. Ысқақов, Қазақстан–Сербия Іскерлік кеңесінің тең төрағасы, «Жібек жолы» институтының қамқоршылық кеңесінің мүшесі, Қазақстанның «Kazlogistics» көлік қызметкерлері одағы төралқасының мүшесі Е. Есқалиев және т.б. сөз сөйледі.

Форум алаңында бірқатар келісімдер жасалды. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасында қылмысқа қарсы күресте ынтымақтастық орнату туралы келісімге, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Сербияның Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрлігі арасында құрылыс саласындағы тәжірибе алмасу және өзара түсіністік туралы меморандумға, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Сербияның Құрылыс, көлік және инфрақұрылым министрлігі арасында әуе қатынасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға, ҚР Қоғамдық даму министрлігі мен Сербия Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасында жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

ҚР Премьер-Министрі Сербия Президентімен кездесу өткізіп, Қазақстан–Сербия бизнес–форумына қатысты
1/3
ҚР Премьер-Министрі Сербия Президентімен кездесу өткізіп, Қазақстан–Сербия бизнес–форумына қатысты
2/3
ҚР Премьер-Министрі Сербия Президентімен кездесу өткізіп, Қазақстан–Сербия бизнес–форумына қатысты
3/3