Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған

19 қыркүйек 2017, 14:00
Фото: PrimeMinister.kz

Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекстің мақсаттарының бірі Қазақстанның тау-кен саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша брифингте инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев мәлімдеді.

Вице-министр айтып өткендей, бүгін Қазақстанда геологиялық барлауға инвестициялардың жеткіліксіз көлемі байқалып отыр. Ол тәуелсіздік алған жылдары мемлекет дайын немесе дайынға жақын өндіру кезеңіндегі мыңнан астам кен орындарын әзірлегенін еске салды. Ол кезде инвесторлар Қазақстанға үлкен дайындықпен келіп, жаңа келісімдерді құлшына жасайтын. Сол уақытта келісім жүйесін қарастыратын Президенттің жарлықтары түріндегі жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы алғашқы заңдар пайда болды.  

Қазір ол кен орындарының басым бөлігі жұмыс істеп тұр және мемлекет олардан салық алады. Алайда, минералдық-шикізаттық базаны толтыру үшін жаңа кен орындарын ашу керек, бұл өз алдына елімізге жаңа инвесторларды тартуды талап етеді.

«Бүгінгі таңда келісім жасау екі жылға дейін созылады. Инвесторлар келіп, жаңа кен орындарын іздеуге және барлауға қаражат салу үшін нақты геологиялық барлау бойынша рәсімдерді жеңілдету керек болды», — деп нақтылады вице-министр.

Осыған байланысты халықаралық тәжірибе зерттелді. Нәтижесінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті әзірлеу кезінде австралиялық үлгі негізге алынды. Себебі, Австралия тау-кен саласындағы инвестициялық тартымдылық бойынша №1 ел болып табылады.

Енді «бірінші жүгінді – бірінші алды» қағидасы бойынша геологиялық барлаудың аз зерттелген учаскелеріне небәрі үш күнде лицензия алуға болады.

«Бұл рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетеді және ең бастысы Қазақстанға инвестициялар ағымын жеделдетеді», — деп есептейді Т. Тоқтабаев.

Жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған
1/2
Жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған
2/2