Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Астана-1» кедендік декларациялау жүйесі толық режимде жұмыс жасайды — Б. Сұлтанов

03 қазан 2017, 10:40

Қазан айының басында «Астана-1» электронды кедендік декларациялаудың жаңа жүйесінің бірінші кезеңі іске қосылды. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысы барысында ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

Бақыт Сұлтанов 1 қазаннан бастап барлық республика бойынша «электронды шекара» шартты атауымен, кедендік транзит тұрғысынан «Астана-1» жүйесінің бірінші компоненті іске қосылғанын, енді елімізде барлық транзит жаңа жүйе бойынша рәсімделетінін баяндады. Өткен екі күнде жаңа жүйеде 1 157 декларация рәсімделді және рәсімдеудің орташа уақыты 16 минутты құрады, бұл алдындағыға қарағанда 4 есе аз.

«Бұдан өзге, бизнес жаңа жүйеден қаражатты нақты үнемдеуді сезе бастады, себебі алдын ала ақпарат транзиттік декларациялауға трансформацияланды және енді рәсімдеуге екі мәрте уақыт пен ақша жұмсаудың қажеті жоқ», - деп атап өтті Б. Сұлтанов.

Ол сондай-ақ жүйе штаттық режимде жұмыс жасайтынын, Еуразиялық экономикалық одақ елдері шығарған және жабылған транзиттік декларациялар бойынша толық ақпарат алмасу жүргізілетінін атап өтті. Бұдан өзге, қазан айының соңына дейін барлық қалған жүйелерді кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланған және қаңтардан бастап «Астана-1» жүйесі еліміз бойынша толық режимде жұмыс жасайды.

Анықтама:

«Астана-1» ақпараттық жүйесін енгізу кедендік саясатты және рәсімдерді ДСҰ нормаларына, халықаралық стандарттарға және озық практикаға сәйкес оңтайландыруға, электронды декларациялау жүйесін енгізуге, экспорт және импортқа арналған құжаттар санын және оларды өңдеу уақытын қысқартуға, тәуекелдерді басқару және пост-аудиттің озық әдістемелерін енгізуге бағытталған.