Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Smart-университет тұжырымдамасы ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігін бірнеше есеге арттырады — Ш. Есенов атындағы КМТИУ

25 қазан 2017, 09:55

«Экспо-2017» көрмесінде ұсынылған жаңа ғылыми әдістер мен технологияларды практикалық қолдану туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығындағы брифингте Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры Берік Ахметов айтты.

ЖОО басшысының айтуынша, «Экспо-2017» көрмесін өткізу КМТИУ қызметінде де көрініс тапты. 25 студент көрменің еріктілер жұмысына қатысты. Тағы 61 студент пен 28 қызметкер оған қонақ ретінде барды. КМТИУ-дің «Next generation» командасы мамандандырылған көрменің аумағында Shell және Kazenergy қауымдастығы ұйымдастырған «Student Energy Challenge» интеллектуалды байқауына қатысты.

Қазіргі уақытта КМТИУ британдық Халл университетімен, Сингапур университетімен өзара тиімді байланыс қалыптастыруда. Бірлескен жұмыстар нанотехнологияларды,технологиялар трансфертін дамытуды, инвестициялар тартуды және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мысалында университетте сапалы сумен қамту мен энергияның баламалы көздерін енгізудің мақсатты бағдарламаларын әзірлеуді қамтиды.

КМТИУ ЖОО аумағында күн және жел энергиясымен жұмыс жасайтын жасыл рекреациялық аймақ құру бойынша жоба әзірледі. Қазірдің өзінде университет өзін 1%-ға жаңғыртылатын энергиямен қамтамасыз етеді. Таяу үш жылда бұл көрсеткішті 10% дейін жеткізу жоспарланған.

«Біздің ЖОО базасында Орталық Азияға арнап Инжиниринг орталығын құру бойынша жұмыс басталды. Халықаралық тәжірибені талдау smart-университет құру идеясын іске асыра алатын ЖОО-лар бәсекеге қабілетті болатынын көрсетті. Олар Қазақстанда smart-білім беру, smart-экономика және smart-қоғам тұжырымдамасын іске асыру үшін база құрауға мүмкіндік береді. Университетте ғылыми инновациялық қызметті дамыту үшін Технологиялар трансферті орталығынан, студенттік бизнес-инкубатордан (стартаптар) тұратын кешенді инфрақұрылым құру көзделген. Өңірдің, республиканың, таяу және алыс шетелдің кәсіпорындарымен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық орнату туралы келісім-шарттар жасасу жоспарланған. Жалпы ЖОО-да smart-технологияларды енгізуге екі жыл қажет болады деп күтілуде», — деп түйіндеді Берік Ахметов.