Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Электронды сауда экономиканың нағыз қозғаушы күшіне айналуы тиіс — Б. Мусин Стратегиялық жоспар туралы

27 қараша 2017, 17:08
Фото: РrimeМinister.kz

Бүгін Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасын талқылау барысында Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Бағдат Мусин жаңа құжаттың жаңа технологияларды енгізу бойынша құралдары мен тәсілдеріне түсініктеме беріп өтті.

2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың негізінде экономикалық өсімнің жаңа моделі жатыр, оған көшу қазіргі мемлекеттік саясаттағы негізді өзгерістерді талап етеді.

«Технологиялық жаңару және цифрландыру» реформасы аясында жаңа экономика негізін құру көзделіп отыр. Бұл келесі міндеттерді: «цифрлық тұлғаларды» дамытуды, инновацияларды ынталандыруды, ғылыми-зерттеу жүйесін дамытуды көздейді.

Сондай-ақ, стратегиялық даму жоспарының жобасы көтерме сауда орталықтарының және электрондық сауданы дамыту үшін жағдай жасауды қарастырады. Бұл экономиканың жекелеген секторларында көптеген делдалдардың болуына байланысты шығындарды азайту үшін жасалатын болады.

Бағдат Мусиннің айтуынша, цифрландыру — бұл жеке сала емес, ол экономиканың барлық салаларына әсер етеді. Осыған орай, спикердің пікірінше, Қазақстанның бүкіл аумағын кең жолақты Интернет желілерімен тездетіп жабдықтау қажет.

«Бұл Стратегиялық жоспарда бар. Мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік, бюджеттік қорлар форматында және өзге де әдістермен кең жолақты интернетті әрбір елді мекенге жеткізу жолының табылғанына қуаныштымын», — деді Б. Мусин.

Стратегиялық жоспардың жобасына сәйкес, цифрландыру мен инновациялық және ғылымды қажетсінетін даму бастамаларын іске асыру экономикадағы шығындарды азайту мен қосымша құнды құрудың елеулі әлеуетіне ие, ол 2025 жылдан бастап ел ЖІӨ-нің өсу қарқынын жылына 4,5-5% деңгейіне жеткізуге мүмкіндік береді, ал 1,7%-2,2%, яғни шамамен 30-40% тек цифрландыруға тиесілі болады.

Талқылау қатысушысы назар аударған екінші аспект – сауда саласы. «Біз барлық сауда-саттықты «электрондық рельстерге» көшіруіміз керек», — деді Б. Мусин.

Бұдан өзге, Б. Мусин электронды саудаға табыс салығын енгізу туралы шешімге түсініктеме берді. «Менің ойымша, бұл бүгінгі күнге қажетті қадам. Бүгінгі шағын электронды сауда келешекте экономиканың нағыз драйверіне айналуы керек», — деп атап өтті сарапшы.

Қорытындылай келе, ол барлық мемлекеттік органдардың процестерін оңтайландыру қажет екенін айтты.

«Денсаулық сақтау жүйесін автоматтандыру қажет. Себебі, адамдар дәрігердің қабылдауына дәптермен емес, смартфондарымен келеді. Құқық қорғау саласында да сол жағдай. Біз ұзақ жылдар бойы сыбайлас жемқорлықпен күрестік, ал қазір жағдайды «Сергек» шағын камерасы өзгертіп жатқанын көріп отырмыз», — деді Б. Мусин.