Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

А. Мырзахметов: 2025 Стратегиялық жоспары салмақты сын тегеурін болғанымен, отандық бизнес өзгерістерге дайын

27 қараша 2017, 17:59
Фото: РrimeМinister.kz

Бүгін сарапшылар қауымдастығы Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын талқылау барысында бәсекелестік пен бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне қатысты реформалар туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов түсініктеме беріп өтті.

Реформа экономикадағы мемлекет рөлін төмендетуге, бизнесті жүргізудегі кедергілерді азайтуға, қаржыландыруға қолжетімділікті арттыруға және қазақстандық бизнестің сыртқы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Абылай Мырзахметовтың ойынша, соңғы жылдары отандық бизнес мемлекеттік қолдауға сүйеніп алды. Енді бизнес-орталарда бизнестің артықшылықтары, бәсекелес тұстары туралы емес, көбіне Бизнестің жол картасы жайында сөз қозғалады. Мемлекеттік қолдаудың 50-ден астам түрі бар.

«Бұл жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекет бизнесті жүргізу ережелерін белгілеп жатыр және ол өзгерістерге әзірлігін көрсетуде. Стратегиялық жоспардың жобасына сәйкес, жеті жыл ішінде мемлекеттің кәсіпкерліктегі үлесі шамамен екі есеге азаюы тиіс. Мемлекеттің квазимемлекеттік сектордағы үлесін жыл сайын төмендету қажет», — деді Абылай Мырзахметов.

Жоспардың жобасына сәйкес, бюджет саясаты тиімсіз шараларды жою жолында өзгереді, бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ынталандырылатын болады. Ірі жекешелендіру және мемлекеттің бәсекеге қабілетті қызмет түрлерін бизнес ортасына беру арқасында экономикадағы мемлекеттің үлесі едәуір қысқартылады.

Стратегиялық жоспарды жүзеге асыру Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ұлттық бизнес жаппай кәсіпкерлік толқынымен жаңартылып, күшейтіледі, бизнес елдегі әлеуметтік тұрақтылық тірегі болады.

«Бұл маңызды сын-тегеурін. Дегенмен, жалпы алып қарасақ, бизнес өзгерістерге дайын», — деді ҰКП басқарма төрағасы.

Жобаны әзірлеушілердің есептеулеріне сәйкес, жоғары өндірістік салаларды дамыту экономиканың «күрделілік» деңгейін арттыру арқылы, оны әртараптандыруға мүмкіндік береді, және экспорттың жалпы көлемінде 50% деңгейінде шикізаттық емес экспорттың жоғары үлесі есебінен құрылымдық дағдарыстарға экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ, бюджеттің мұнайлы емес тапшылығын 6%-ға дейін немесе одан да төменгі деңгейге қысқартуға жол ашады.