Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Экономиканың тұрақты өсім қарқыны жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің 4% деңгейінде өсуін шамалауға мүмкіндік береді — Т. Сүлейменов

12 желтоқсан 2017, 10:24
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында 2017 жылғы қаңтар-қараша аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың қаңтар-қараша айларында инфляциялық процестердің тұрақтануы мен инвестициялық белсенділіктің жеделдеуі тұрғысынан, сондай-ақ барлық алты негізгі сектордағы жағдайдың жақсаруы нәтижесінде экономика өсімі 3,9% құрағанын айтты.

Министр атап өткендей, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда 2,8 есеге өсіп, 5,7% құрады. Жыл басынан бері жылдық инфляция деңгейі белгіленген дәлізде болды (6-8%) және қарашаның қорытындысы бойынша 7,3% құрады.

Экономиканы әртараптандыру, агроөнеркәсіптік кешенді, кәсіпкерлікті және инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру нәтижесінде экономиканың барлық салаларында оң серпін байқалады.

Алты негізгі саланың нақты секторында өнеркәсіп, көлік және байланыс саласында ең көп өсу байқалады. Тау-кен өндірісінде мұнай мен табиғи газ өндірудің екі еселенген өсуіне байланысты 9,6% өсім белгіленген.

«Өңдеу өнеркәсібі өсімінің драйверлері фармацевтика өнімдері, жиһаз шығару, жеңіл және металлургия өнеркәсібі, мұнай өңдеу өнімдері, азық-түлік және сусындар, сондай-ақ машина жасау саласы болды. Ауыл шаруашылығында өсім осы жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы 1,9%-дан, 11 айдың қорытындысы бойынша 2,3%-ға дейін өсті», — деді министр.

Бұдан өзге, Тимур Сүлейменовтың айтуынша, экономиканың нақты секторындағы іскерлік белсенділік, сабақтас салаларға сұраныс тудыра отырып, қызмет көрсету секторының өсуін ынталандырды. Мәселен, осы жылдың 11 айында көлік қызметтері 4,8%-ға, байланыс — 3,2%-ға, сауда — 2,8%-ға, сонымен қатар жылжымайтын мүлік операциялары — 2,5%-ға өсті.

«Биыл қаңтар-қараша айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,7%-ға артып, 7,5 трлн теңгеге жетті. Инвестициялардың негізгі өсімі ауыл шаруашылығына, саудаға, құрылыс пен өнеркәсіпке бағытталды», — деп мәлімдеді министр.

Баяндамашы 10 айда импорттың өсуінен экспорттың өсуінің екі есе көп таралуы нәтижесінде сауда теңгерімінің сальдосы 71,7%-ға өскенін атап өтті. Сондай-ақ, сауда теңгерімі өңделген өнімдерді экспорттаудың артыру есебінен да жақсарды.

Тұтастай алғанда, елдің сыртқы сауда айналымы 25,6%-ға артып, $62,1 млрд құрады.

«Экономиканың тұрақты өсімі әлеуметтік көрсеткіштердің жақсаруымен қатар жүрді. Негізгі басымдықтардың бірі жаңа жұмыс орындарын ашу болды. Мәселен, осы жылдың 9 айында жалдамалы қызметкерлер саны 53,1 мың адамға артып, 6,4 млн адамды құрады», — деді министр.

2017 жылғы қаңтар-қазан айларында орташа айлық атаулы жалақы 4,6%-ға артып, 146,5 мың теңгеге дейін жетті.

«Жалпы алғанда 11 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр, бұл жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің 4% деңгейінде өсуін шамалауға мүмкіндік береді», — деді Т. Сүлейменов.

Сонымен қатар отырыс барысында осы мәселе бойынша Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев сөз сөйледі.