Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қ. Бозымбаев Президент Жолдауының міндеттерін ескергендегі энергетика министрлігінің жоспарын жариялады

22 қаңтар 2018, 14:31

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында энергетика министрі Қанат Бозымбаев еліміздің энергетика саласы жұмысының 2017 жылғы қорытындыларын жариялады және Мемлекет басшысының Жолдауда белгілеген міндеттерін ескере отырып, 2018 жылға жоспарлар туралы айтып берді.   

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына сәйкес энергетика министрлігінің негізгі тактикалық міндеттерінің бірі ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту болып табылады. Ол үшін басты құрал — Жер және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс, оның нормалары 2018 жылғы шілдеден бастап күшіне енеді. Қазір заңға сәйкес барлық нормативтік-құқықтық база пысықталуда.  

«Жер қойнауын пайдалану саласында салық саясаты жетілдірілді. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексі күшіне енді. Кодекстерді қабылдау және барлық қарастырылған нормаларды іске асыру мұнай-газ кешенінің стратегиялық маңызын сақтап қалуға мүмкіндік береді», — деп баса айтты Қанат Бозымбаев.

Ағымдағы жылға жоспарлар туралы айтқан министр сұйылтылған мұнай газы нарығында шектік бағаны мемлекеттік реттеуден кезең кезеңмен шығару үшін электронды сауда алаңын енгізу жоспарланғанын атап өтті. Бұл, Қанат Бозымбаевтың айтуынша, баға белгілеу және сұйылтылған мұнай газын бөлу тетігін жетілдіруге мүмкіндік береді. Қажетті заңнамалық нормалар 2018 жылғы желтоқсанға дейін пысықталады.

Астананы газдандыру мәселесі өте өзекті, сондықтан қаржыландыру үлгісі мен көзін пысықтау жалғасады.

Мұнай-газ саласында Полипропилен өндірісі жобасы бойынша құрылыс жұмыстары басталады (құны $2,6 млрд, қуаттылығы жылына 500 мың тонна). Ірі инвестжобалардың бірі Полиэтилен өндіру жобасы бойынша (құны $6,5 млрд, қуаттылығы жылына 1,2 млн тонна), қарызды қаржыландыру тарту үшін ТЭН аяқталады және инвестор үшін мемлекеттік қолдау шараларын пысықтау қажет.

Электр энергетикасы саласында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 51-қадамында сенімділік пен энергиямен қамтамасыз ету сызбасын жеңілдету мақсатында өңірлерде энергия жеткізуші ұйымдарды ірілендіру қарастырылған.

«2018 жылы 15 энергия жеткізуші ұйым өз қызметтерін тоқтатуы тиіс. Жалпы энергия жеткізуші ұйымдардың саны 2022 жылға қарай 30%-ға, яғни 160-тан 110-ға дейін қысқарады деп күтілуде», - деді Қанат Бозымбаев.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы Шүлбі ГЭС-інің 500 кВ желісі құрылысының ІІ-кезеңі аяқталады. Осылайша, «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» өңіраралық жобасы 2018 жылдың соңына қарай толығымен аяқталады. Жоба ШҚО мен Алматы облысының электр энергиясы тапшылығын қамтуға және энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған.

Сапалы өзгерістер «жасыл» энергия саласында да жоспарланған. Жаңғыртылатын энергетика нарығы жыл сайын өсіп келеді, 2017 жылы 1,1 млрд кВтсағ өндірілді, бұл 2016 жылғы деңгейден 22% артық. 2018 жылдың жоспары — 1,7 млрд квтсағ (2017 жылға 155%). Ағымдағы жылы жалпы қуаттылығы 123 МВт 10 ЖЭК нысанын енгізу жоспарланған (2017 ж. — 5 нысан).

«Жалпы, ЖЭК пен қоршаған ортаны қорғау саласын дамытуға Мемлекет басшысының Жолдауында ерекше назар аударылған. 2018 жылға негізгі міндеттер мен оларды іске асыру жоспарлары белгіленді, жұмыс бір ізге салынды, Министрлік оларды орындау үшін барлық ресурстарды пайдаланады», — деп қорытындылады Қ. Бозымбаев.

Қ. Бозымбаев Президент Жолдауының міндеттерін ескергендегі энергетика министрлігінің жоспарын жариялады
1/3
Қ. Бозымбаев Президент Жолдауының міндеттерін ескергендегі энергетика министрлігінің жоспарын жариялады
2/3
Қ. Бозымбаев Президент Жолдауының міндеттерін ескергендегі энергетика министрлігінің жоспарын жариялады
3/3