Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Римде қазақстандық және италиялық аграршылардың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы ынтымақтастық келешегі талқыланды

23 ақпан 2018, 08:54

Өткен аптада Римде (Италия) «Kazakh Invest» ҰК» АҚ қолдауымен өнеркәсіптік және экономикалық ынтымақтастық және айырбас бойыша үкіметаралық қазақстандық-италиялық жұмыс тобының VIII отырысы мен бизнес форум өтті.

Форумға қатысуға қазақстандық делегация келді, оның құрамында аграрлық сектор өкілдері — «ҚазАгро» ҰБХ инвесторлармен өзара іс-қимыл департаментінің директоы Руслан Тұраров, «Kazakh Invest» ҰК бас менеджері Сәуле Сабыр, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, сондай-ақ «Тобол» ӘКК, «Гранд» ЖШС, «Бисенәлі» ЖШС кәсіпкерлері болды.

Сапар барысында ауыл шаруашылық дақылдарын өсіріп-өндіру дағдыларын зерделеу және АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды әзірлеу мүмкіндіктерін талқылау үшін ауыл шаруашылығы секторының кәсіпорындарын аралады.

Келіссөздердің нәтижесі — Kazakh Invest, «ҚазАгро», Қостанай облысының әкімдігі мен Милан және Ломбардияның 9 мыңнан астам италиялық кәсіпорындарын біріктіретін сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдеу технологияларын енгізу арқылы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін пысықтау бойынша ынтымақтастық туралы келісім болды.

Форум соңында шара қатысушылары өткізілген кездесулердің нәтижелері туралы түсініктеме беріп өтті.

«Төрт күн ішінде біз ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеумен айналысатын бірқатар кәсіпорындарға бардық, 60 жыл жұмыс тәжірибесі бар PAVAN компаниясын ерекше атап өту керек. Біз бидайдың қатты сұрыпынан макарон өнімдерін шығаратын бірлескен кәсіпорын құруды көздейміз, бұл біздің өңір үшін өте өзекті», — деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев.

Әкімдік мәліметтеріне сәйкес, Қостанай облысында шамамен 6 млн гектар жер бар және мұнда сапалы бидай сұрыптары өсіріледі. Бір жылда астық шамамен 183 мың тонна қатты сұрыпқа жетеді, оның құрамында 25 пайыздан астам дән желімшесі бар, алайда осының барлығы көршілес елдерге шикізат ретінде экспортталады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс басшылығы осы өнімдерге құн қосуды және оны түпкі өнім ретінде сатуды көздейді.

«Гранд» ЖШС басшысы Андрей Емельянов италиялық компаниялармен ынтымақтастық перспективалары туралы айтып берді: «Қазақстанның жері шұрайлы, біз мұнда ұзақ уақыт бойы бидай өсіруді үйрендік, бірақ, өкінішке орай, өзіміздің жабдықты пайдалана отырып түпкілікті өнім шығара алмадық. Италияға келген кезде біз көптеген кәсіпорындарға, зауыттарға бардық, FAVА компаниясының азық-түлік өнеркәсібіне арналған жабдық шығаратын зауытын ерекше атап өткіміз келеді».

 

Анықтама: FAVA (1937 жылы құрылған) өнімді үздіксіз үрдісте кептіруге қабілетті алғашқы машиналарды әзірлеп, патенттеді, бүгінде макарон өнеркәсібінде әлемдік нарықтың 40% жабдықпен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, Andalini, Barilla, PastaZara, DeCecco, Melissa, Goody, Ronzoni, Zar Macaron, Baronia, Colussi» маркаларымен макарон өндірушілер осы компанияның жабдығымен шығарылады.

Бұдан өзге, сапар барысында қазақстандық делегация Bonifiche Ferraresi компаниясының басшылығымен кездесті. Бұл кездесуді екі холдинг арасындағы қол қойылған меморандум аясында «ҚазАгро» ұйымдастырды.

 

Анықтама: Bonifiche Ferraresi — ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және сатумен айналысатын италиялық ауыл шаруашылығы холдингі (холдингте 5500 га бар.). Компания күріш, жүгері, қатты және жұмсақ сұрыпты бидай, арпа, қант қызылшасы, жоңышқа, күнбағыс, соя, бау-бақша өсімдіктері мен жемістерін өсіріп-өндірумен, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысады. Кездесу аясында холдингтің барлық негізгі  институттары таныстырылды: Fruges SAS, IBF Servizi S.p.A, CNR-IREA, SIS, OCRIM, CHIGI, CDP, сондай-ақ гольштин етті-сүтті тұқымын дамытуға маманданған мал фермасы таныстырылды.

Сонымен қатар қазақстандық аграршылар Andalini макарон өнімдерін шығаратын компаниясының цехында болды және оның президенті Massimo Andalini-мен кездесті, ол 1956 жылы басталған отбасылық бизнес туралы әңгімеледі. Компания 60 жыл ішінде макарон өнімдерінің ішкі нарығында өз орнын тауып, орнықты. Кездесудің қорытындысы бойынша италиялық тараптың жоғары қызығушылығын ескере отырып, тараптар «Бидайдың қатты сұрыптарынан макарон өнімдерін шығару зауытының құрылысы» жобасын іске қосу мүмкіндігін пысықтауға келісімге келді.

Елге келгеннен кейін қазақстандық тарап ынтымақтастық және бірлескен кәсіпорындар құру туралы нақты ұсыныстар жібереді. Айта кету керек, аталған форумға қазақстандық ауыл шаруашылығы бизнесінің өкілдері алғаш рет қатысты.