Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Дамудың «жасыл» жолына көшу: 100-ден астам әлеуметтік нысан ЖЭК-ке көшірілді

04 наурыз 2018, 08:58
Фото, бейне: primeminister.kz

Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» стратегиясында еліміздің дамудың «жасыл» жолына көшуін ұлттық экономиканың стратегиялық үрдісі ретінде айқындады. Президент осы жылдың қаңтар айындағы Жолдауында «жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды екенін атап өтті.

Қазақстандағы «жасыл экономика» қалай дамып жатқаны мен бизнесті ЖЭК-ке көшуге ынталандыру үшін қандай іс атқарылып жатқаны туралы Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясының басшысы, Президент жанындағы «Жасыл экономика» жөніндегі кеңес мүшесі, Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің Экология жөніндегі комиссиясының төрайымы, э. ғ. д. Салтанат Рахымбекова айтып берді.

— Салтанат Темірқұлқызы, Қазақстанда «жасыл экономика» қалай дамып жатқаны туралы айтып берсеңіз.

— Мемлекет басшысының жарлығымен «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы қабылданған 2013 жылдан бері Қазақстан менталды, заңнамалық, коммерциялық салаларда айтарлықтай «жасылданды». Тұжырымдамада 150-ге жуық міндет қойылған, және бүгінгі таңда қойылған көрсеткіштердің шамамен 40 орындалып жатыр. Мәселен, 2013 жылы жалпы энергия теңгерімінде ЖЭК үлесі шамамен 0,5%-ды құрады, ал қазір 1%-дан сәл асады. 2020 жылы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 3% болуы тиіс. 2050 жылы — 50%. Сондықтан, еліміздің «жасыл экономикаға» көшуі мақсатында осындай маңызды көрсеткішке жетуі үшін ауқымды шаралар орындалуы керек.

«Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясы — бүгінде «жасыл экономика» түсінігін танытуға барынша ықпал ететін жетекші «жасыл» ҮЕҰ-ның бірі. Біз «жасыл экономика» жобаларына жастарды, бизнесті, өнертапқыштарды, жаңалық табушыларды, ғалымдарды тарту жолында жұмыс істейміз.

Жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасында (ТМД елдерінің ішінде Қазақстан осы маңызды құжатты қабылдады) жасыл жобаларды және жасыл бизнесті коммерциялық негізде дамытуға мүмкіндік беретін бағыттар қарастырылған.

— «Жасыл тақырыпты» насихаттау үшін Коалиция қанша қаражат жұмсауда? Бұл бағыттағы бизнестің белсенділігі қандай және Сіздерде оларды тартудың қандай құралдары бар?

— Біз Коалицияны құрған кезде ол стратегиялық құжаттың провайдеріне айналды, бұл құжатқа ел жұртшылығының назарын аудара алғанымызбен мақтанамыз. Қандай ресурстар? Әрине, біз халықаралық донорларға жүгінеміз, мысалға, БҰҰ даму бағдарламасы. Ол осы жылдар ішінде 100 әлеуметтік нысанға күн коллекторларын, панельдерді, пиролизді пештерді орнатуға, сыныптарды жарық диодты жарықтандыруға, энергия үнемдейтін терезелерді ауыстыруға және т.б. көмектесті. Сондай-ақ, бізге Еуроодақ, Аденауэр қоры, ЕҚЫҰ көмектеседі. Жалпы алғанда, біздің жобаларымыз қаржылық халықаралық ұйымдармен және отандық бизнестің қолдауымен жүзеге асырылады.

2020 жылға дейін ҚР «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасының іске асырылуы қандай сатыда тұр? Қандай негізгі тапсырмалар орындалды?

— Бүгінгі таңда біздің еліміз кремнийі бар және кремний өндірісін, яғни күн панельдері, коллекторлар өндірісін дамыта алатын әлемдегі бесінші ел. Сонымен қатар, қалдықтарды кәдеге жаратудың 2040 жылға дейінгі  бағдарламасы қабылданды. Қазақстандық ғалымдар энергетика, жасыл технологиялар, таза химия, органика, энергия үнемдеу, энергия тиімділігі және жалпы ЖЭК үлесін арттыруға қатысты ауқымды жобалармен айналыса бастады. Осы ретте айта кету керек, аталған бағытта жұмыс жасайтын ғалымдардың қатары жасарып келеді, бұл еліміздің «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын іске асыру аясында жиналатын еліміздің жақсы капиталы деуге болады.

«Жасыл көпір» серіктестігін дамыту бағдарламасының мақсаты қандай? Азаматтарға оның берер пайдасы не?

— ЖКСБ – бұл мемлекеттердің «жасыл экономиканың» пайдасын, тиімділігін көруіне және оған көшуіне ықпал етуге бағытталған нақты бағдарлама. Аталған құжаттың негізі – технологиялар трансферті, яғни, дамыған елдер өз технологияларын дамушы елдерге береді, бұл маңызды құжаттың постулаттарының бірі. Бағдарлама адамдарға таза экологиялық ортада өмір сүру құқығын береді, ресурстарға, ауа, су, жерге және т.б. еппен қарауды үйретеді. «Жасыл экономикаға» көшудің философиясы осында жатыр.

Экспо көрмесінің аумағына орналастырылатын Халықаралық жасыл технологиялар орталығының ерекше маңыздылығы неде?

— Бұл Мемлекет басшысы бастамаларының қисынды жалғасы. Экспо-2017 аумағында БҰҰ қолдауымен Халықаралық жасыл технологиялар орталығын құру ұсынылды — тамаша бастама, біз бұл бастаманың іс жүзіне асырылуы үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ол «жасыл экономиканы» дамытуға арналған қызықты іс-шаралар, симпозиумдар, форумдар және т.б. өткізілетін Эксподан кейінгі ең әдемі жобалардың бірі болады.

— Сіз «EXPO and WOMEN»-ді басқарасыз, Дубай–2020 көрмесіне дайындық қалай жүріп жатыр? Жарияланған тақырып нені білдіреді және Қазақстан не ұсынатын болады?

— Қазақстандық әйелдер қауымдастығы 2019 жылы Пекинде өтетін көрмеге байланысты әдемі, белсенді әрі шығармашылық жұмыстар жасап жатыр. Оның тақырыбы бағбаншылыққа қатысты. Елімізде бес ғажайып бақша бар, біз өзіміздің ботаникалық бақтарымыздың «жемісін» көрсеткіміз келеді. Ауыл шаруашылығы, органикалық егіншілік салаларындағы жетістіктерімізді көрсететін форум өткізуді көздеп отырмыз. Бізде ұсынуға, көрсетуге болатын нәрселер бар, біздің міндетіміз – елімізге инвестициялар тарту. Дубай–2020 тақырыбы «Ақыл-ойларды біріктіріп — болашақты құру», яғни, мұнда тақырып кенттену, қалалардың энергия тиімділігін арттыруға және т. б. байланысты. Біз бұны әйелдер қауымдастығы арқылы өзіміздің аталған бағыттағы жетістіктерімізді көрсетудің мүмкіндігі деп шештік. Алдағы барлық Эксполарда біз еліміздің жетістіктерін, «жасыл экономикадағы» жетістіктерімізді, әйелдеріміздің барлық салалар мен бағыттардағы жетістіктерін насихаттап, таныстыратын боламыз.

— Сұхбатыңызға рақмет!



Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

Дамудың «жасыл» жолына көшу: 100-ден астам әлеуметтік нысан ЖЭК-ке көшірілді
1/1