Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Астанада «Қазақстан – Чехия өндірістік кооперациясының» семинары өтті

14 наурыз 2018, 19:56
Астана

2018 жылғы 14 наурызда Астанада «Дипломат» қонақ үйінде «Қазақстан – Чехия өндірістік кооперациясының» семинары өтті.

Бұл шараны ұйымдастырушылар — ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы машина жасаушылар одағы мен Чехия Республикасының елшілігі.

ҚР Президенті Жолдауының «Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс» атты бірінші басымдығына сәйкес, Қазақстанның машина жасаушылар одағы отандық индустрияландырумен және шетелдік технологияларды тартумен белсенді түрде айналысып жатыр. Аталған семинар отандық және шетелдік кәсіпорындар арасындағы кооперациялық қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған.

Чехияның дәстүрлі машина жасау саласы әлемде жетекші орынға ие, атап айтқанда білдек жасау, автомобиль құрастыру, авиақұрылыс, теміржол және ауыл шаруашылығы машинасын жасау салалары.

Чехия компанияларымен бірлескен ынтымақтастық отандық машина жасау саласын дамытуға қосымша серпін береді.

Чехияның Қазақстандағы елшісінің орынбасары Ладислав Штайнхюбел биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толатынын атап өтті.

Сонымен қатар, Штайнхюбел мырза осы тарихи кезеңде Қазақстан Чехияның Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктесіне айналғанын айтты. Келесі кезең — бұл машина жасау саласындағы кооперациялық байланыстарды нығайту болады.

Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма мүшесі Павел Беклемишев жаңа технологияларды тарту мен бірлескен кәсіпорындарды құрудың маңыздылығын атап өтті.

Чехия делегациясының атынан «DAG-TS» ЖШҚ, «Феррит» ЖШҚ, «G-Team» АҚ, «GMR GAS» ЖШҚ, «Сигма Пумпы Границе» ЖШҚ, «Зиматехник» ЖШҚ, «LDM» ЖШҚ секілді компаниялар қатысты.

Қазақстан делегациясының құрамында «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ болды.

Семинардың қорытындысы бойынша ҚР Машина жасаушылар одағы мен ЧР Сауда-өнеркәсіптік палатасы арасында Меморандумға қол қойылды.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз