Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев ҚР жаңа дін істері және азаматтық қоғам министрін таныстырды

04 сәуір 2018, 19:55
Фото, бейне: primeminister.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұжымына жаңа министр — Дархан Кәлетаевты таныстырды.

«Бүгін Мемлекет басшысы Нұрлан Ермекбаевты Қазақстан Республикасының дін істері және азаматтық қоғам министрі қызметінен босатып, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды», — деп мәлімдеді ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.

Бақытжан Сағынтаев Нұрлан Ермекбаевқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.

«Ведомствоның құрылғанынан бері бір жарым жыл ішінде оның басшылығымен министрлік жұмысы жүргізілді, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, кәсіби ұжым қалыптасты», — деді Бақытжан Сағынтаев және Нұрлан Ермекбаевқа алдағы кәсіби қызметінде табыс тіледі.

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Дархан Кәлетаев ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрі болып тағайындалды, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретіндегі өкілеттігі тоқтатылды.

Бақытжан Сағынтаев түрлі жылдарда еліміздің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық өміріне белсенді қатысқан Дархан Кәлетаевтың кәсіби қасиеттерін атап өтті. Министрліктің жаңа басшылығы мен ұжымына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша міндеттер жүктелді.

 

Анықтама: ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ҚР Президенті Н. Назарбаевтың 13.09.2016 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен құрылған. Министрлік діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл, азаматтардың құқығын діни сенім бостандығымен қамтамасыз ету, мемлекет пен азаматтық сектордың өзара байланысы, сонымен қатар жастар саясаты саласындағы жұмыстармен айналысады.

Дархан Кәлетаев 1972 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.  

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Мемлекеттік басқару ұлттық жоғары мектебін тәмамдаған. Мамандығы: тарихшы-оқытушы, мемлекеттік басқару менеджері. Саяси ғылымдар докторы.

Еңбек жолын 1995 жылы ҚР Министрлер Кабинетінің Тілдер комитетінің маманы ретінде бастаған. Білім және мәдениет; ақпарат және қоғамдық келісім министрліктерінің құрылымында жұмыс істеген. 2002 жылдан бастап — ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, Әлеуметтік-саяси бөлім меңгерушісі, мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

2007–2008 жылдары — Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, 2008–2009 жылдары — «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары, 2009–2016 жылдары — «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарушы директоры қызметтерін атқарған.

2016 жылдың қазан айында ҚР Президентінің Жарлығымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. 2017 жылдың қыркүйегінен бастап — ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз