Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы шағын несие алушылар санын 2 есеге ұлғайтады — ҚР ЕХӘҚМ

05 сәуір 2018, 12:32
Фото: primeminister.kz

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті директорының орынбасары Ерболат Абулхатин «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясындағы шағын несие беруді кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы айтып берді.

Мемлекет басшысының төртінші әлеуметтік бастамасы шағын несиелерді, оның ішінде ауылдық жерлердегі шағын несиелеуді кеңейтуге бағытталған. Бұл бастама бизнесті дамыту, жұмыс орындарын құру, халықтың аз қамтамасыз етілген санатының кірістерін арттыру бойынша күрделі мәселелерді бір мезгілде шешуге мүмкіндік береді.

Ерболат Абулхатиннің айтуынша, қазіргі уақытта шағын несие беруді дамыту 2017–2021 жылдарға арналған Өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда және бұл жаппай кәсіпкерлікті дамытудың анағұрлым тиімді механизмі болып табылады.


«2017 жылы Шағын несие беру  бағдарламасына жалпы көлемі 41,2 млрд теңге қарастырылған, оның 14,2 млрд теңгесі қалалар мен моноқалаларға және 27,1 млрд теңге – ауылдық жерлер үшін бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша 7 200 шағын несие берілсе, оның 6,8 мыңы ауылдық жерлерге берілген», — деді Ерболат Абулхатин.

Нәтижесінде — 4,5 мыңнан астам қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылып, жаңа өндірістер құрылды және өндіріс көлемі ұлғайды.

2018 жылы бекітілген бюджетте шағын несие беру бағдарламасына 42 млрд теңге бөлінді, оның ішінде ауылдық жерлерге 31 млрд теңге, қалалар мен моноқалаларға — 11 млрд теңге беріледі.


«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаржыландыру биыл 20 млрд теңгеге артып, жалпы көлемі 62 млрд теңгені құрайды.  Бұл 14 мыңнан астам адамды шағын несиемен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті директорының орынбасары Ерболат Абулхатин.

Қосымша бөлінетін 20 млрд теңгенің шамамен 14 млрд теңгесі ауылдар мен шағын қалалардағы несиелеуге бағытталатын болады. Осы соманың 10 млрд теңгесін ірі қайта өңдеу ауыл шаруашылығы кәсіпорындары бойынша якорлық кооперация жобаларын іске асыруға жұмсау ұсынылып отыр. Бұл шағын несие алушыларға өнімнің кепілдендірілген сатылымын қамтамасыз етеді. Қалған 6 млрд теңгені қалалар мен моноқалаларға бағыттау ұсынылды.

Сондай-ақ, Е. Абулхатиннің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі министрліктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Президенттің төртінші бастамасын іске асырудың нақты тетіктерін толық жетілдірумен айналысып жатыр. Аталған жұмыс екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: ұйымдастырушылық шаралар және заңнамалық өзгерістер.

Осылайша, қазіргі уақытта Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жобасы әзірленуде. Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» халыққа үндеуін жүзеге асыру үшін бекітілген Жол картасына сәйкес Бағдарламаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу осы жылдың мамыр айына жоспарланып отыр.

 «2017 жылмен салыстырғанда биылғы шағын несие алушылар саны екі есеге көбейеді деп күтілуде, яғни 14 мыңға жуық адам шағын несие алуы тиіс. Шағын несие берудің нәтижелері жұмыссыз адамның несие алып, өз ісін бастауы ғана емес. Олар мал шаруашылығы, қызмет көрсету салаларында қосымша жұмыс орындарын ашуы мүмкін. Сондай-ақ, мұнда жергілікті атқару органдары үшін салық базасын кеңейтіп, кәсіпкерлер санын арттыру көзделген. Бір сөзбен айтқанда, нәтижелер өте жемісті болады», — деп өз сөзін түйіндеді Е. Абулхатин.

Президенттің бес әлеуметтік бастамасы шағын несие алушылар санын 2 есеге ұлғайтады — ҚР ЕХӘҚМ
1/2
Президенттің бес әлеуметтік бастамасы шағын несие алушылар санын 2 есеге ұлғайтады — ҚР ЕХӘҚМ
2/2