Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Е. Сағадиев: ҚР БҒМ төрт бағыт бойынша цифрлық технологияларды енгізудің қадамдық кестесін іске асыруда

10 сәуір 2018, 12:31
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беру саласын цифрландыру туралы баяндады.

Ерлан Сағадиевтің айтуынша, министрлік білім беру жүйесі мен ғылымды цифрландыруды әрі қарай дамытудың жаңа бағыттарын белгіледі.

Біріншіден, бұл барлық сервистердің қағаз құжаттарына және ақпаратқа қолжетімділігі және мобильдігі. Яғни кез келген оқушы, мұғалім, ата-ана немесе мектеп директоры өз смартфондары арқылы өздеріне қажетті ақпаратты ала алуы керек. Бұл оқушыға өз бағаларын, үй тапсырмаларын көріп, оқулықтарды, әлемнің цифрлық білім беру ресурстарын көруіне мүмкіндік береді.

Екіншіден, цифрландыру — ашықтық пен әділеттілік. Балабақша кезегінен бастап, аттестат немесе диплом алуға дейінгі барлық қажетті ақпарат қолжетімді болуы керек.

Үшіншіден, әрбір оқушы немесе мұғалімге кез келген уақытта смартфоннан немесе компьютерден мемлекеттік және орыс тілдеріндегі оқулықтарға, үздік әлемдік және қазақстандық лекцияларға, интерактивті сабақтарға еркін қол жеткізуге мүмкіндік беріледі.

Төртіншіден, министрлік үшін барлық деректерді бір дерекқорға біріктіру, Big Data технологияларын енгізу, онлайн-талдаулар жүргізу өте маңызды, бұл барлық жағдайларды бір ситуациялық орталықтан басқаруға мүмкіндік береді.

Қазіргі кезде ҚР БҒМ осы төрт бағыт бойынша цифрлық технологияларды енгізу бойынша кезең-кезеңдік жұмыс кестесін әзірлеп, оны іске асыруда.

«2016–2017 жылдары 14 мыңнан астам мультимедиялық жиынтық сатылып алынды. Осы жылы республикалық бюджеттен тағы да 6 млрд теңгеге трансферттер бөлінді, үшінші жыл қатарынан әкімдіктер білім беру мекемелеріне қосымша 10 мыңнан астам жиынтық сатып алып жатыр. Міндет — ауыл және қала мектептерінің мультимедиялық жиынтықпен жабдықталуын 80 пайызға дейін жеткізу», — деді Ерлан Сағадиев.

Интернет желісінің қолжетімділігіне қатысты, бүгінде мектептердің 99% интернетке қосылған. Дегенмен, мектептердің 62%-ы жылдам интернет желісіне қосылған, мектептердің 47%-ы Wi-Fi-ға қосылған. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес барлық мектептерді интернетке қосу жоспарда бар. 4 мыңнан астам мектепте электронды «Күнделіктер» енгізілген. Оларды 50% мектеп оқушылары пайдаланады.

Бұдан өзге, БҒМ мемлекеттік қызметтер көрсетумен айналысады. Барлығы министрлікте 73 мемлекеттік қызмет бар. Оның 25-і автоматтандырылған. Бүгінде БҒМ базалары e-gov платформасы арқылы мемлекеттік органдардың базаларымен  біріктірілген. Алдағы екі жылда тағы 48 қызметті автоматтандыру және оңтайландыру көзделген.

Министр тағы бір маңызды бағыт — халықты цифрландыру негіздеріне оқыту деп атап өтті.

«150 мың мұғалім мен бір жарым миллион ата-анаға біздің ақпараттық базаларды қолдануды үйрету қажет», — деді Ерлан Сағадиев.

Сондай-ақ, білім беру жүйесін цифрландыру аясында іске асырылып жатқан шаралар туралы ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев баяндады.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз