Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев АМӨЗ барды: жаңғырту жұмыстары 2018 жылғы мамыр айында аяқталады

13 сәуір 2018, 19:23
Фото: primeminister.kz

Бүгін Атырау облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-де болды, онда МӨЗ жаңғырту жұмыстарының аяқталу барысы туралы мәлімделді.

«Атырау МӨЗ-де мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы» жобасы Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған және зауытты жаңғыртудың үшінші, соңғы кезеңі болып табылады.

Бақытжан Сағынтаев жаңғырту нысандарын тексеріп, мұнайды терең өңдеу кешеніндегі жұмыстармен және АМӨЗ қызметімен танысты.

«Атырау МӨЗ» ЖШС-нің бас директоры Ғалымжан Амантурлиннің айтуынша, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың үкіметтік бағдарламасына енгізілген ауқымды жоба аяқталды. Биылғы жылдың 29 наурызында іске қосу операцияларын жүргізу аясында каталитикалық крекинг, газ тазарту және күкірт өндіру технологиялық қондырғылары іске қосылды, жоғары октанды бензин өндірісі ұлғайтылды. Келесі технологиялық қондырғыларда іске қосу жұмыстары жалғасуда.

Жүргізілген жаңғырту жұмыстары мұнай өңдеу тереңдігін және зауыт қуаттылығын жылына 5-тен 5,5 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, жылына 2,4 млн тонна шикізатты (мазут, вакуумды газ майы) өңдеуге жол ашады, сонымен қатар, жоғары октанды бензиннің, авиация және дизель отынының өндірісін ұлғайтуға ықпал етеді.

Осылайша, жылына 5,5 млн тонна мұнай өңдеу арқылы АМӨЗ жыл сайын 1,745 млн тонна автокөлік бензинін, 1,64 млн тонна дизель отынын, 244 мың тонна авиакеросин шығаратын болады. Мазут шығару көлемі 193 мың тоннаға дейін қысқарады. Барлық мотор отыны Еуро-5 стандарттарына сәйкес келеді.

Анықтама: Хош иісті көмірсутектерді өндіру кешені (МТӨК) аясында 12 технологиялық қондырғы және жалпызауыттық шаруашылықтың 40-тан астам нысаны салынды. Құрылыс кезеңінде 1000-нан астам ірі көлемдегі жабдықтар құрастырылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына шамамен 4000 адам тартылды. МТӨК пайдалану үшін 490 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңа өндірістің басшылығы мен өндірістік ұжымы негізінен зауыттың кадрлық қорынан қалыптасты. МТӨК қызметкерлері қазақстандық және шетелдік мұнай өңдеу зауыттарында теориялық дайындық пен тағылымдамадан өтті.

МТӨК негізгі мақсаты:

  • зауытта өндірілген бензиннің барлық көлемін шығарылатын автобензин сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіре отырып жақсарту;
  • Заманауи отын нарығында бәсекеге қабілеттілікті сақтау;
  • бензол мен хош иісті көмірсутектердің аз мөлшері бар автокөлік бензиндерін пайдалану арқылы қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз