Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

QazaqGeography экспедициясы: мамыр айында Солтүстік және Оңтүстік Аралға гидробиологиялық зерттеулер жүргізіледі

16 сәуір 2018, 11:44
Фото: primeminister.kz

2018 жылғы 10–30 мамыр аралығында QazaqGeography Солтүстік және Оңтүстік Аралға ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырады.

Аталған сапардың мақсаты туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында QazaqGeography басқарушы кеңесінің төрағасы, «Назарбаев Университеті» ДББҰ вице-президенті Қанат Байғарин, QazaqGeography халықаралық және ғылыми жобалар бөлімінің менеджері Нұржан Алғашов, «Назарбаев Университеті» биофотоника және имиджинг зертханасының кіші ғылыми қызметкері Вероника Дашкова айтып берді.

Сапар Қазақстан мен Өзбекстан аумағындағы шамамен 7 000 шақырым жерді қамтиты. Астана — Қарағанды — Балқаш — Шу — Тараз — Шымкент — Ташкент — Самарқанд — Бұхара — Үргеніш — Нүкіс — Мойнақ — Арал теңізі — Бейнеу — Бозой — Арал теңізі — Арал — Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Астана бағыты бойынша 20-ға жуық адам барады.

«Биылғы экспедицияларды Аралдан бастаймыз. Бұл кешенді экспедиция. Оған туризм мәселесін шешумен айналысатын, туристік бағдарларды әзірлейтін адамдар, қоршаған ортаның жағдайын зерттейтін ғалымдар, төңірек пен тарихи орындарды зерттеумен айналысатын тарихшылар да қатысады. Сондықтан да Арал мәселесін қозғаған кезде біз тек экологиялық проблемаларды ғана емес, сондай-ақ туризм, экономикалық даму, қоршаған ортаны және биосфераны дамыту тұрғысынан аймақтың даму келешегін де ескеріп отырмыз», — деді Қанат Байғарин.

QazaqGeography-дің Арал теңізіне алғашқы экспедициясы 2016 жылы жүргізілген, ол кезде Назарбаев Университетінің ғалымдар тобы Қазақстанның ұлттық географиялық қоғамының экспедициясы құрамында Солтүстік Аралдың бірнеше бөлігіндегі судың гидробиологиялық жай-күйін зерттеген болатын. Сол уақытта ғалымдар Солтүстік Аралдың орташа тұздылығының төмендеу үрдісін белгіледі, бұл Солтүстік Аралдағы экологиялық жағдайдың жақсарып келе жатқанына алдын ала тұжырым жасауға мүмкіндік берді. Алдағы экспедицияда Оңтүстік Арал да зерттеледі.

Жұмыстың нәтижелері бойынша планктон қауымдастықтарының биоалуантүрлілігі, гидрохимиялық құрамы, трофикалық күйі мен биогендік элементтердің концентрациясы, судың сапасы және пестицидтермен ластануы туралы мәліметтер жиналады. Алынған материалдар өткен онжылдық деректерімен салыстырылады, бұл Солтүстік және Оңтүстік Арал экожүйесін дамыту туралы алдын ала тұжырымдар жасауға жол ашады. Ғылыми нәтижелер туралы ақпараттар QazaqGeography сайтында онлайн режимінде қолжетімді болады.

Сонымен қатар, экспедицияның тағы бір мақсаты — Арал өңірі бойынша туристік бағыттар картасын құру, сондай-ақ бірегей фото және бейнематериалдар жинау.

«Біз ақпаратты ғылыми–танымдық стильмен беруге тырысамыз, сонда әр адам ғылыми қызмет нәтижелерімен танысуға мүмкіндік алады», — деді Вероника Дашкова.

Оның айтуынша, бұл экспедицияның негізгі жаңашылдығы — планктон құрамы бойынша салыстырмалы деректердің болуында. Бактериопланктон, фитопланктон, зоопланктонмен қоса, планктондардың алуан түрлері зерттеледі. Бұл орайда әзірге кешенді деректер жоқ. 

В. Дашкова сонымен қатар зерттеулердің алғаш рет жаңа технологияларды қолданумен жүргізілетінін атап өтті, оның ішінде имиджингтік және спектральдік цитометрия бар. 

«Арал экспедициясын өткізу мақсаттарының бірі – Солтүстік және Оңтүстік Аралға гидробиологиялық зерттеулер жүргізу.  Бұл аса маңызды, себебі Солтүстік Аралды қалпына келтіру бойынша шаралар қолға алынған сәттен бастап экожүйенің жұмысы мен планктон флорасының құрамы бойынша зерттеулер тек үстірт жүргізілген, енді толықтыруларды қажет етеді. Бұл деректер Солтүстік Аралдың экожүйесін қалпына келтіру қарқыны бағалау және трофикалық тізбегі мен азық базасын зерттеу үшін керек. Өйткені бұл судың өңір тұрғындарының кәсібі үшін маңызы зор»,— деді Назарбаев Университетінің зертхана қызметкері Вероника Дашкова.

Өз кезегінде, Нұржан Алғашов Арал тақырыбына қызығушылық танытатын БАҚ өкілдері мен көлік жүргізушілерді экспедицияға қатысуға шақырды. Оның айтуынша, экспедицияға қатысу тегін, бірақ әрбір қатысушы QazaqGeography мүшесі болуы тиіс. Мүшелікке қоғамның сайтында өтуге болады. 
 
Анықтама: QazaqGeography Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы бес бағытта жұмыс істейді: география, климат; қоршаған орта, табиғи ресурстар; биоалуандық; туризм, саяхат, өлкетану; тарихи-мәдени мұра, этнография. Қазіргі кезде Қазақстанда 11 өкілдігі ашылған.

 

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз