Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

М. Әбілқасымова өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресмилендіру туралы: Жыл басынан бері 607 мың адамның статусы анықталды

17 сәуір 2018, 11:36
Фото: primeminister.kz

Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова 2018 жылдың І тоқсанында бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жөніндегі Жол картасының іске асырылу барысы, сондай-ақ алдағы шаралар жоспары жөнінде баяндама жасады.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, жыл басынан бері статусы анықталмаған 2,7 млн азаматтың бүгінгі таңда 607 мыңының статусы нақтыланды. 197 мың жұмысшы еңбек шартын жасап, міндетті зейнетақы жарналарын аударуда, 12 мың кәсіпкер қызметтерін тіркеді. Өңірлерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарды тарту жалғасуда.

«Статусты жаңарту бойынша жұмыстар барлық өңірлерде жүргізіліп жатыр. Әкімдіктердің барлық құрылымдық бөлімшелерін, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін қамтитын ресмилендіру бойынша Өңірлік штаб құрылып, жұмыс істеуде.

Жұмыс ресмилендіру бойынша қабылданған Өңірлік жол карталарының негізінде жүргізілуде», — деді Мәдина Әбілқасымова.

Жол картасының негізгі бағыты — бірқатар маңызды мәселелерді шешуге бағытталған халықты жұмыспен қамтуды ресмилендіру. Олардың ішінде —  статистикалық есепке қою, салық режимдерінің күрделілігі, кейбір ұйымдастырушылық-құқықтық режимдердің жоқтығы. Қазіргі таңда «Бейресми жұмыспен қамтылғандардың қызметін заңдастыру мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті Заң жобасы әзірленуде.

Ресмилендіру жөніндегі жол картасының маңызды бағытының бірі еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында халықты жұмыспен қамту орталықтарын реформалау, бірыңғай онлайн-платформа құру және электрондық еңбек биржасын толықтай жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта «Халықты жұмыспен қамту және көші-қон мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы әзірленді.

«2017 жылдың қазан айынан бастап Астана, Алматы, Павлодар және Шымкент қалаларындағы халықты жұмыспен қамту орталықтарында электрондық еңбек биржасы пилоттық режимде жұмыс істеді, 2018 жылдың қаңтарынан бастап Портал Қазақстан бойынша іске қосылды. Бүгінде портал Қазақстандағы «Жұмыс және бос жұмыс орындары» тақырыбындағы сайттар арасында сайтқа кірушілер саны бойынша екінші орында және барлық қазақстандық сайттар арасында 74-орында тұр», — деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Электронды еңбек биржасы арқылы 21 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, 28 мыңға жуық жұмыс берушілер өздерінің «жеке кабинеттерін» құра отырып, тіркелді.

Еңбек нарығындағы екінші арна — халықты жұмыспен қамту орталықтары. Қазіргі уақытта ЕХӘҚМ әкімдіктермен бірлесіп оларды трансформациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бұдан өзге, еңбек нарығының инфрақұрылымын жаңғырту аясында жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға жеке жұмыспен қамту агенттіктерін тарту қарастырылған. Бұл үшін «халықты жұмыспен қамту саласындағы аутсорсинг қызметтері» түсінігі енгізілді — бұл қызметтер аутсорсингі туралы келісімшарт негізінде халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерді жұмыспен қамтудың жеке агенттіктеріне беруіне бағытталған шаралар кешені.

Аутсорсингке жұмыссыздарға кәсіптік бағдар беру және оларды жұмысқа орналасу қызметтерін беру көзделген, бұл шамамен 60 мың адамды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, министр азаматтардың статусын автоматты түрде және үнемі жаңартып отыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіруге тікелей байланысты екенін атап өтті. Бүгінде аталған жүйелердің көпшілігі біріктірілген. Қаржы министрлігінің кәсіпкерлер бойынша базасы мен Білім және ғылым министрлігінің студенттер, 18 жасқа толмаған балалар және үш жасқа дейінгі жастағы балаларды тәрбиелейтіндер жөніндегі деректер базасымен біріктіру осы жылдың соңына дейін аяқталады.

Мәдина Әбілқасымова мәліметтерді жаңарту жұмыстарын күшейту үшін жаңа нақты анкета әзірленіп, Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп статусты анықтаудың жаңа төрт арнасы енгізілуде: e-Gov электронды үкімет порталы, 1414 бірыңғай байланыс орталығы, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен медициналық мекемелер сияқты халыққа қызмет көрсететін ұйымдар, сондай-ақ, статусы жоқ азаматтарды мобильді СМС-тер арқылы хабарландыру.

Мәселені қарау барысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндама жасады. Оның айтуынша, Жол картасының алтыншы тармағын іске асыру мақсатында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халыққа салық салу тәртібін анықтауға қатысты жаңа режим — «бірыңғай жиынтық (әлеуметтік) төлем» (БЖТ) режимі ұсынылады. Мұнда төлем мөлшері қаладағы төлеушілерге айына 1 АЕК (2405 теңге) және ауылдағыларға 0,3 АЕК (722 теңге) құрайды. Төлем құрамына салық және барлық әлеуметтік төлемдер кіреді.

БЖТ сомасына: жеке табыс салығы (10%), міндетті зейнетақы жарнасы (40%), мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік төлем (10%), әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар (40%) кіреді. БЖТ нормалары Салық кодексіне енгізіледі.

Сонымен қатар отырыс барысында ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев сөз сөйледі. ҚР АШМ «Еңбек» бағдарламасының екінші бағытының операторы ретінде жеке қосалқы шаруашылық статусында жүрген өздігімен жұмысқа қамтылған халықты және жұмыссыздарды ауылды елді мекендерде, шағын қалаларда бизнес жобаларын жүзеге асыруға несие беру жолымен өнімді қызметке тарту бойынша жұмыс жүргізуде.

Бейресми жұмыспен қамтылған адамдарды ресмилендіру және ел экономикасына тарту жұмыстары туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Алматы қаласының әкімі Б. Байбек сөз сөйледі.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаев Жол картасын жүзеге асыру жұмыстары өңірлермен бірлесіп жалғасатынын атап өтті.

«Дайын заң жобасымен Парламентке барамыз. Біздің мақсатымыз – аталған жұмысты 1 шілдеге дейін аяқтау», — деді Ерболат Досаев.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бұл мәселе тек бүгін баяндама жасаған министрліктерге ғана қатысты емес екенін атап өтті.

«Сондай-ақ, бұл әділет, ақпарат және коммуникациялар, білім және ғылым, ішкі істер министрліктеріне, барлық деңгейдегі әкімдерге де қатысты», — деді Бақытжан Сағынтаев.

Жалпы үйлестіру жұмыстары ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Досаевқа жүктелді.

 

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз