Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Бақытжан Сағынтаев: Азаматтарға цифрлық өнімдер мен қызметтер туралы ақпаратты барынша түсінікті жеткізу керек

17 сәуір 2018, 12:36
Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері қаралды.

Адам капиталын дамыту «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі: мұнда халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 2022 жылға қарай 83%-ке дейін көтерудің мақсатты индикаторы қарастырылған.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, «цифрлық сауаттылық» — адамның ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде және жұмыста пайдалана алу қабілеті мен білімі.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің деректері бойынша 2017 жылы халықтың базалық цифрлық сауаттылық деңгейі 77% құраған, жыл соңына дейін аталған көрсеткішті 78,5%-ке дейін арттыру жоспарланған.

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру екі негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік бағдарламаның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін 2018 жылы шамамен 500 мың адамды оқыту қажет. Оқыту жұмыстары осы жылдың 1 маусымынан басталады.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы цифрландыру дағдыларына 380 мың адамды оқытады. Жалпы, 2022 жылға қарай жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, базалық білімге 8 млн адамды оқыту көзделген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру туралы айтып берді.

«Бүгінгі таңда электронды үкімет порталы 235 қызмет пен сервисті алуға мүмкіндік береді, eLicense.kz электронды лицензиялау порталында 399 автоматтандырылған қызмет түрі бар. «Электронды үкімет» порталы арқылы 2017 жылы 34 млн-нан астам қызмет көрсетілген, «E-лицензиялау» арқылы 922 мыңнан астам лицензиялар мен рұқсат құжаттары берілген», — деді Абылайхан Оспанов.

Бұдан өзге, бизнес желісі бойынша электронды үкімет порталында бизнесті тіркеу және дамыту, лицензиялау, салық, банк ісі, субсидиялау және т.б. бойынша 44 онлайн қызмет қолжетімді. 2017 жылы 18 млрд теңгеге шамамен 2 млн транзакция жасалды. Жалпы алғанда, қызмет көрсету кезеңінде барлық төлемдердің сомасы (еск.— 2010 жылдан бастап) 47 млрд теңгеден асады. 2012 жылдан бастап egov арқылы 135 мыңнан астам компания ашылған, соның ішінде 2017 жылы 33 мыңнан астам заңды тұлға тіркелген.

2017 жылдың шілде айынан бастап бір реттік пароль және логин/пароль көмегімен ЭЦҚ-ны пайдаланбай-ақ, 30 мемлекеттік қызметті (мекенжай анықтамасын, сотталғандығы болуы не болмауы туралы анықтама және т.б.) алуға болады. 2018 жылы осындай қабылдау жүйесімен қосымша 14 қызмет енгізілді. 2018 жылдың басынан бері үшінші тұлғаның азаматтың мақұлдауы арқылы тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамасы, жылжымайтын мүліктің бар болуы (жоқтығы) туралы анықтама, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтамалар секілді электронды анықтамаларды алу сервисі «электронды үкімет» веб-порталында қолжетімді.

Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін (АЖ) біріктіру жөніндегі жұмыстар тұрақты негізде іс асырылып жатыр. Бүгінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ 107 АЖ-ны біріктірді.

«Енгізілген электронды қызметтердің тиімділігін арттыру, қағазсыз құжат айналымын қысқарту, «электронды үкімет» порталының қызметтерін дәріптеу және азаматтар арасында цифрлық мәдениетті дамыту мақсатында Астанада алғашқы Цифрлық ХҚКО ашылды. Мұнда азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету секторында немесе қоғамдық қолжетімділік пунктері арқылы өз бетінше электронды қызметтерді алып, сондай-ақ электронды қызметтерді алу бойынша оқыту курсынан өте алады», — деді Абылайхан Оспанов.

Жыл соңына дейін еліміздің барлық облыс орталықтарында цифрлық ХҚКО ашу жоспарланған.

Алдыңғы қатарлы цифрлық технологияларды қолдану аясында жылжымайтын мүлікті (смарт–келісімшарт) тіркеу және жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрын құру кезінде блокчейн технологиясын қолдану жоспарлануда.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ деректеріне сәйкес, 2022 жылға қарай Қазақстан электронды үкіметті дамыту индексі бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде 33-тен 25-орынға дейін көтеріледі.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев мәселені қарау барысында азаматтардан СМС-растауды алу арқылы баланың туылуы бойынша проактивті қызмет іске қосылғанын айтты. Мемлекеттік қызметтердің 400-ден астам түрі оңтайландырылды, қызмет көрсету мерзімі екі есеге азайды. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 80%-тен астамы электронды форматта ұсынылады.

Мемлекеттік органдармен, «Нұр Отан» партиясымен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, қағазсыз құжат айналымына көшу және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру жұмыстары атқарылып жатыр.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар Мемлекет басшысының бақылауында екенін мәлімдеді. ҚР Президенті жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссия отырыстарында экономиканың барлық салаларында жүргізіліп жатқан жұмыс мәселелері егжей-тегжейлі талқыланады.

Бақытжан Сағынтаев цифрландыру міндеттерінің ақпараттық–түсіндірме жұмыстарының маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, азаматтарға цифрлық өнімдер мен қызметтер, оларды қолданудың артықшылықтары туралы ақпаратты барынша түсінікті жеткізу керек.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға, әсіресе цифрлық сауаттылықтың орташа республикалық деңгейінен төмен өңірлерге, мемлекеттік қызметтерді көрсету және оларды электронды форматқа көшіру рәсімдерін оңтайландыру жөніндегі қызметті жандандыру тапсырылды.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз