Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Астанада теңізге шыға алмайтын дамушы елдер министрлерінің кеңесі өтті

16 мамыр 2018, 12:14
Астана

Бүгін Астанада «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін көлік байланыстарының әсері және сауданы оңтайландыру» тақырыбында сауда және көлік мәселелері бойынша теңізге шыға алмайтын дамушы елдер Министрлерінің конференциясы өтті.

Іс-шараға теңізге шыға алмайтын дамушы 32 елдің Көлік және сауда министрлері қатысты. Сондай-ақ, БҰҰ-ның басқа да халықаралық, өңiрлiк және өңiрге қарасты ұйымдары мен қаржы институттары, жеке сектор өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми орта және басқа да мүдделі тараптар жоғары ресми деңгейде шараға қатысуға шақырылды.

Отырыс барысында теңізге шыға алмайтын дамушы елдердегі сын-тегеуріндер, көлік байланысын дамыту мүмкіндіктері мен озық тәжірибелер, сонымен қатар Вена іс-қимыл бағдарламасын қабылдаудан кейінгі қатты және жұмсақ инфрақұрылым мәселелері талқыланды.

ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өзінің алғы сөзінде, әлемде теңізге шыға алмайтын 48 ел бар екенін атап өтті. Олар дүниежүзілік сауда айналымының шамамен 90% бөлігін құрайтын теңіздік сауда мүмкіндігінен айырылған.

Сонымен бірге, Қазақстан сыртқы сауда көлемін ұлғайтуда, бұл өз кезегінде заманауи көлік инфрақұрылымының қалыптасуының тікелей көрсеткіші болып табылады.

Көлік кешенін дамыту жолындағы ресурстар мен қабылданған күш-жігердің арқасында, бүгінде Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға жүктер 15 тәулікте тасымалданады, ал Оңтүстік теңіз бағытымен екі ай шамасында жеткізіледі.

Министрдің айтуынша, Қазақстан атқарып жатқан жұмыстар 2030 жылға қойылған талаптарға толығымен сай келеді, осылайша тұрақты даму мақсаты дамып келе жатқан елдердің ілгерілеуі мен болашығына тікелей ықпал етеді.

«Тұрақты көлік негізгі фактор екенін түсінеміз, сондықтан соңғы екі жылда өткен көлік және сауда бойынша теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің жоғарғы деңгейдегі отырыстарының маңызды ұсыныстарын ескеру қажет», — деді министр.

Бұдан өзге, конференция қатысушылары сауда-саттықты жеңілдету бойынша ДСҰ-ның келісімін жүзеге асыруды жеделдету мәселелерін талқылады.

Министрлер конференциясының барысында транзиттік тасымалдар инфрақұрылымын дамыту, автомобиль, теміржол, порттар, ішкі су жолдары, құбырлар, әуе көлігіндегі физикалық инфрақұрылымды жетілдіру саласындағы жетістіктерді қарастыратын Декларацияға қол қойылды.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз