Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Үкіметте сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін одан әрі дамытудың жаңа тәсілдері қаралды

12 маусым 2018, 12:26
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек және ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады.

Жеңіс Қасымбек елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, Өңірлерді 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасы аясында 2011–2017 жылдары республикалық бюджеттен 494 млрд теңге бөлінген. Қалалардағы және ауылдардағы сумен жабдықтау және су бұру саласында 1684 жоба іске асырылды. Биыл 338 жобаны іске асыру көзделген, қалаларда — 53 жоба, ауылдарда — 285 жоба.

Өңірлерді дамыту бағдарламасымен қатар сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі жобалар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылады.

Жалпы 23 мың км жуық желі салынды және реконструкцияланды. 2011–2017 жылдар кезеңінде халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігі: қалаларда 82%-тен 93,8%-ке дейін, ауылдарда 42,5%-тен 57,4%-ке дейін өсті. Орталықтандырылған су бұруға қолжетімділік қалаларда 73%-тен 88%-ке дейін, ауылдарда 8,8%-тен 11,5%-ке дейін өсті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ауылдық сумен жабдықтауға жыл сайын барлық қаржы көздерінен 100 млрд теңгеден кем емес қаражат бөлуді тапсырды.

«Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін Өңірлерді дамыту бағдарламасына келесі бағыттар бойынша өзгерістер енгізу қажет: секторды одан әрі дамытудың жаңа бағыттары, жобаларды қаржыландырудың жаңа тетіктері, индикаторларды өзектендіру», — деді Ж. Қасымбек.

ҚР ИДМ су арналары процестерін толық құралдандыру және автоматтандыруды ұсынады, бұл өндірістік шығынды 15%-ке дейін, судың ағып кетуін 2%-ке дейінгі азайтуға мүмкіндік береді, соның есебінен жыл сайынғы үнемдеу 35,7 млрд теңгені құрайды.

Бұдан өзге, заманауи технологияларды қолдана отырып, қолданыстағы желілерді реконструкциялау және жаңғырту жоспарланған. Осы жылдың соңына дейін «ТКШ Қазорталығы» АҚ іске асыратын «E-Shanyraq» бірыңғай интеллектуалдық–ақпараттық жүйесін құру жұмысы аяқталады. Аталған жүйе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық экономиканың негізгі құралдарын (BIG DATA, БЛОКЧЕЙН, индустриялық интернет және т.б.) енгізуге мүмкіндік береді.

Өңірлерді дамыту бағдарламасына қаржыландыру тетіктері тұрғысынан жоспарланған өзгерістер туралы есеп бере отырып, Жеңіс Қасымбек қалалық елді мекендер бойынша сумен жабдықтау және су бұру секторын коммерцияландыру мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасында басталған қайтарымды қаржыландыру тетіктерін қолдану жалғасын табатынын атап өтті.

Бүгінде ЕҚҚДБ ынтымақтастығы аясында 28,3 млрд теңгеге сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту бойынша 13 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ, Азия Даму Банкімен және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп сумен жабдықтау және су бұру секторын қаржыландыру мәселелері пысықталуда.

«Сумен жабдықтау және су бұру секторына халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты мен тәжірибесін тарту мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені жеңілдетіп қана қоймай, коммуналдық мекемелердегі менеджмент жүйесін жақсартуға, қаржы тәртібін арттыруға және жаңа технологияларды қолдану процесін жеделдетуге жол ашады», — деді Ж. Қасымбек.

Қалалық сумен жабдықтау және су бұру бойынша мақсатты трансферттер орнына республикалық бюджеттен қаражатты мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша жобаларды тең қаржыландыруға бағыттау ұсынылады. Бұл орайда, қолданыстағы жүйе бойынша мақсатты трансферттер жоғары басымдылыққа ие жобалар үшін ғана бөлінетін болады. Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, аталған шаралар бөлінген қаражатты тиімді әрі оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді. 

ҚР ИДМ осы жылдың 1 қазанына дейін саладағы қазіргі жобалық және техникалық шешімдерді ескерумен құрылыс нормативтерін қайта қарастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, шағын ауылдардағы тұрғындар санын ескерумен сумен қамтамасыз ету әдістері қайта қаралатын болады. 

Жеңіс Қасымбек 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасына индикаторларға қатысты енгізу жоспарланып отырған өзгерістер туралы айтып берді. Қазақстан дамуының Стратегиялық жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай орталықтандырылған сумен жабдықтаумен қамтуға қол жеткізу қалаларда — 100 %, ауылдарда — 80 % болады деп жоспарланған.  

«Жоғарыда аталған ұсыныстар жиынтығы елді мекендердегі сумен жабдықтау және су бұру секторын едәуір жақсартуға, бюджетке жүктемені азайтуға және көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді өзінің баяндамасын инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек. 

Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін елді мекендерден тыс жерлерде дамыту туралы ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады. 2020 жылға дейінгі Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында АШМ топтық су құбырларын салу мен реконструкциялау бойынша тұрғындарды ауыз сумен қамтуды қарастырады. 

«2011–2017 жылдары топтық су құбырларын салу мен реконструкциялауға 70 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Нәтижесінде 44 нысан пайдалануға берілді, халық саны 694 мың адам болатын 240 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылды», — деді Арман Евниев.

Биыл топтық су құбырлары бойынша 15 жобаны іске асыру үшін 15 млрд теңгеге жуық бөлінді, оның 8-і биыл аяқталады. Нәтижесінде 40 ауылдық елді мекен (Ақтөбе, БҚО, СҚО, Қарағанды, Қызылорда облыстарында) мен халқының саны 148 мың адам болатын 3 қалада (Жезқазған, Сәтпаев, Қаражал) сумен жабдықтау жүйесі жақсарады. 

Өңірлердегі орталықтандырылған және ауылдық сумен жабдықтау жүйелерін дамыту туралы отырыс барысында Павлодар облысының әкімі — Б. Бақауов, Қостанай облысының әкімі — А. Мұхамбетов, Батыс Қазақстан облысының әкімі — А. Көлгінов, Маңғыстау облысының әкімі — Е. Тоғжанов баяндама жасады. 

Мәселені қарау нәтижелері бойынша Бақытжан Сағынтаев Мемлектет басшысы өзінің Жолдауында ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтауды қаржыландыруды жыл сайын 100 млрд теңгеге дейін жеткізу міндетін қойғанын еске салды. 

Өңірлерді дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу кезінде сумен жабдықтау және су бұруға қатысты қаржыландыру көлемін, көрсеткіштері мен индикаторларын өзектендіру қажет. 

Ұлттық экономика министрлігіне қаржы, инвестициялар және даму, ауыл шаруашылығы министрліктерімен, өңірлер әкімдерімен бірлесіп республикалық және жергілікті бюджеттерден мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асырылатын елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жобаларын қаржыландыру мәселесін 2018 жылдың 25 шілдесіне дейін пысықтау тапсырылды. 

Әкімдіктер осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Инвестициялар және даму министрлігімен келісіп, ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтаудың Кешенді жоспарын әзірлеп, бекітуді, сондай-ақ Инвестициялар және даму министрлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау жобаларын іске асыру бойынша ұсыныстарды а.ж. 1 шілдесіне дейін енгізуі тиіс. 

Жалпы үйлестіру ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ө. Шөкеевке жүктелген.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз