Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Қайырбек Өскенбаев жақында тұрғын үй бағасының өспейтінін мәлім етті

19 маусым 2018, 14:52
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев журналистердің «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және өзектендіруге қатысты сұрақтарына жауап берді.

Брифингте журналистер вице-министрге «7–20–25» бағдарламасын іске асыруға байланысты тұрғын үй бағасының өсуі ықтимал ма деген сауал қойды. Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй нарығындағы баға өспейтініне сендірді.

«Біз Үкімет тарапынан көптеген тұрғын үй құрылысы жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасының аясында біз шектеу қойдық: өңірлерде шаршы метрдің бағасы 140 000 теңгеден, Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында – 180 000 теңгеден аспауы керек. Сондықтан, менің ойымша, аса елеулі өзгерістер болмайды. Бағалар бұрынғысынша сақталады», — деп түсіндіріп өтті вице-министр.

Бұдан кейін Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй құрылысының сапасын жақсарту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда құрылыс бақылау жүйесін жетілдіру және барлық құрылыс саласын цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.

«Қазір біз үйлерді салу сапасын бақылау жүйесін айтарлықтай күшейтіп жатырмыз. Кеңес кезінен бастап мемлекеттік комиссиялар үйлерді қабылдап келді. Бірнеше жыл бұрын біз өзгерістер енгіздік. Бұл учаскені тікелей салатын нарық қатысушылары бар: құрылыс салушы, мердігер, авторлық және техникалық қадағалау», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, бұдан былай әр құрылыс қатысушысына қатысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылатын болады.

Бұдан өзге, құрылыстың ашықтығы мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында барлық қағаз журналдары электрондық форматқа көшіріледі.

«Бүгінгі таңда бізде құрылыс кезінде қолданылатын бес журнал бар. Енді оларды арнайы ашылған электрондық порталда көруге тиіспіз. Нарықтың барлық қатысушылары ЭЦҚ алуы керек. Мемлекеттік органдар жалпы ел бойынша құрылыс жұмыстарының барысын көріп отырады. Олар хабарландырулар жібере алатын болады. Егер бұл жеткіліксіз болса, тексерулер жүргізілетін болады», — деді Қ. Өскенбаев. Аталған жүйе биыл енгізіледі.

Бұған дейін, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру барысы туралы баяндады. Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастама» халыққа үндеуін жүзеге асыру аясында «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік бағдарлама ретінде қайта бекітілді. 2019 жылдан бастап, жыл сайынғы сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысына қаржыландыруды 10 млрд теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Бұл әлеуметтік тұрғын үймен жыл сайын шамамен тағы мың азаматты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Қайырбек Өскенбаев жақында тұрғын үй бағасының өспейтінін мәлім етті
1/4
Қайырбек Өскенбаев жақында тұрғын үй бағасының өспейтінін мәлім етті
2/4
Қайырбек Өскенбаев жақында тұрғын үй бағасының өспейтінін мәлім етті
3/4
Қайырбек Өскенбаев жақында тұрғын үй бағасының өспейтінін мәлім етті
4/4