Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев Өзбекстанның Кәсіпкерлік құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілімен кездесті

21 маусым 2018, 17:47
Астана
Фото: primeminister.kz

Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП V съезі аясында Өзбекстанның Кәсіпкерлік құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілімен кездесу өткізді.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының V съезі аясында Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі уәкілі Дилмурод Касимовпен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында бизнесті дамыту және кәсіпкерлер құқықтарын қорғау саласында ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері қаралды.

Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі рөлі іскер топтардың өзара іс-қимылында. Бүгінгі таңда Қазақстанда экономиканың түрлі салаларында екі мыңнан астам Өзбекстанмен бірлескен кәсіпорындар белсенді жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы тауар айналымы өткен жылы $2 млрд құрады, бұл 2016 жылға қарағанда 31,2%-ке жоғары. Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт 2017 жылы 35%-ке өсіп, $1,3 млрд құрады. Осы жылдың қаңтар–наурыз айларында тауар айналымы 543 109,2 млн теңгені құрады.

Кездесуге қатысушылар биыл 20 маусымда қол қойылған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім екі елдегі кәсіпкерліктің дамуына оң әсерін тигізетінін атап өтті.

Келісім кәсіпкерлік қызметі субъектілерінің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасуды, кәсіпкерлік қызметтің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, қалпына келтіруге бағытталған мәселелерді шешуге жәрдемдесуді көздейді. Сондай-ақ, іскерлік орталардың өзара іс-қимылын дамыту үшін инвестициялар салудың маңыздылығы атап өтілді. Өткен жылы екі ірі бизнес форум өткізіліп, $1 млрд асатын сомаға коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Осы жылдың мамыр айында екі елдің 600-ден астам кәсіпкерінің қатысуымен кезекті бизнес форум өткізілді, оның қорытындысы бойынша $62 млн сомасына екіжақты келісімдерге қол қойылды.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз