Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Шетелдік инвестициялар Қызылорда облысында 2,5 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді

22 маусым 2018, 14:09
Қызылорда облысы

Қызылорда облысында Kazakh Invest қолдауымен Инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысы өтті. Шараға облыс әкімі Қ. Көшербаев, «Kazakh Invest» ҰК басқарма төрағасы С. Тұяқбаев және өңірлік бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында Kazakh Invest қолдауымен шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы $986 млн құрайтын жеті ірі жоба іске асырылып жатыр. Бұл облыста қосымша 2,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері ағымдағы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, олардың қатарында «Компания Гежуба Шиелі цемент» жылына 1 млн тонна қуаттылығымен цемент зауытын салу жобасы және «Юлдизлар Холдинг ССС» керамикалық бұйымдар өндіру жөніндегі зауыт бар.

«Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп, жаңа жобаларға инвестициялар тарту мақсатында әлеуетті орындарды сараптау бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді және инвесторларды тартуға нақты жобалар анықталды. Нәтижесінде стратегиялық инвесторларды белсенді түрде тартуға тиісті оннан астам ірі жобалар анықталды», — деді С. Тұяқбаев.

Сондай-ақ, отырыс қатысушылары агроөнеркәсіптік және тау-кен металлургиялық кешен салаларындағы, оның ішінде МЖӘ қағидасы бойынша перспективалық жобаларды белгіледі.

2018 жылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысының негізгі капиталына салынған инвестициялардың көлемі 15,4%-ке ұлғая отырып, 65,9 млрд теңгені құрады.

Қызылорда облысының әкімдігінде мәлімделгендей, инвесторларға жасалған қолайлы жағдайлардың нәтижесінде осы жылдың қаңтар-мамыр айларында Қызылорда облысының негізгі капиталына 66 млрд теңге инвестиция тартылды.

«Инвесторларға ыңғайлы болу үшін облыста кәсіпкерлерге қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы жұмыс істейді, онда барлық қызметтерді бір жерде алу мүмкіндігі жасалған. Өңірге «зәкірлі инвесторларды» тарту мақсатында қаңтар–мамыр айларында 11 роуд-шоу ұйымдастырылды, олардың қорытындысы бойынша бүгінгі таңда шетелдік инвесторлармен үш меморандумға қол қойылған», — деп атап өтті Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев.

Бұдан өзге, Өңірлік кеңес отырысында «Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу» жобасының таныстырылымы өтті.

 


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз