Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Астананың 20 жылдығына және Қазақстан Президентінің туған күніне орай шетел үкіметтері мен мемлекеттері басшыларының құттықтаулары

06 шілде 2018, 09:52
Астана

Қазақстан Президентінің атына Астананың 20 жылдығына және туған күніне орай шетел үкіметтері мен мемлекеттері басшыларының құттықтаулары келіп түсуде. 

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өзінің құттықтау жеделхатында Астана мен Мәскеу арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестіктің одан әрі нығайып, Қазақстан мен Ресейдің ЕАЭО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы өзара табысты ықпалдастығы кеңейе түсетініне сенім білдірді.

«Сіз өз еңбегіңіздің арқасында Қазақстан халқының құрметіне бөленіп, халықаралық деңгейде жоғары беделге ие болдыңыз. Сіздің еуразиялық интеграция жөніндегі идеяларыңыз елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, Еуразия құрлығындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізіп, дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді. Шын жүректен Сізге зор денсаулық, бақ-береке, амандық және жаңа жетістіктер тілеймін», — делінген жеделхатта.


 

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы қарым-қатынастарды стратегиялық тұрғыда нығайтуға қосқан жеке үлесін беларусь халқы жоғары бағалайтынын атап өтті.

«Сіздің жасампаз және жан-жақты қызметіңіз Қазақстанды қуатты әрі тәуелсіз елге айналдырды, ал сындарлы әрі көреген сыртқы саясатыңыз халықаралық аренада кең қолдауға ие болды. Екі жақты әріптестікті нығайту біздің достас халықтарымыздың мүддесіне және ортақ еуразиялық үйімізді дамытуға одан әрі қызмет ете береді деп сенемін», — делінген жеделхатта.


 

Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз хатында Мемлекет басшысының Қазақстан халқының игілігі жолындағы барлық бастамаларының табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

«Сіздің дана басшылығыңыздың арқасында бауырлас Қазақстан Республикасы әлеуметтік-экономикалық даму жолында зор жетістіктерге жетіп, халықаралық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайтып келеді. Екі жақты қатынастарымыздың жоғары деңгейі Түркіменстан-Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті және мемлекетаралық байланыстарды барлық бағыттар бойынша одан әрі кеңейту үшін берік негіз болатынына сенімдімін», — делінген жеделхатта.


 

Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян өз жеделхатында екі ел арасында қалыптасқан сындарлы өзара іс-қимыл Армения-Қазақстан мемлекетаралық ынтымақтастығының күн тәртібін елеулі түрде толықтыра түсетінін атап өтті.

«Сіз мемлекетті басқару ісіндегі мол тәжірибеңіздің, Қазақстан Республикасының мүддесін табандылықпен қорғай білетіндігіңіздің және кең көлемді халықаралық ынтымақтастықты ілгерілету міндеттерін шеше алатындығыңыздың арқасында халықаралық аренада зор құрмет пен барша жұрт мойындаған беделге ие болдыңыз. Сізге зор денсаулық, амандық пен толайым табыс, ал Қазақстан халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тілеймін», — делінген жеделхатта.


 

Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Еуразиялық экономикалық одақты құруға және қалыптастыруға зор үлес қосқанын атап өтті.

«Сіз өткен ғасырдың 90-шы жылдарының өзінде елдеріміз үшін қазіргі күрделі әлемде егемендік пен тәуелсіздікті сақтаумен қатар өз экономикалық әлеуетін арттырудың маңызды екенін де түсініп, осы мақсатпен еріктілік пен тең құқылы ұстанымға негізделген мемлекетаралық бірлестік құруды ұсындыңыз. Сіздің идеяңыз жүзеге асып, Еуразиялық экономикалық одақ құрылды. Осы ұйымда Молдова Республикасы бақылаушы мемлекет мәртебесін алды», — делінген жеделхатта.


 

Испания Королі VI Фелипе Астананың 20 жылдық мерейтойына және Мемлекет басшысының туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.

«Астана «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің ашылу рәсіміне қатысу үшін Сіздің еліңізге сапармен барғанда қонақжайлық танытып, мені ыстық ықыласпен қарсы алғаныңыз есімде. Осы тамаша мүмкіндіктің арқасында мен елордаңыздың заманауи инфрақұрылымы бар әрі жарқын болашаққа ұмтылған ірі қалаға айналғанын көрдім», — делінген жеделхатта.


 

Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Қазақстан мен Польша арасындағы достық қатынастар екі жақты табысты ынтымақтастықтың дәлелі екенін атап өтті.

«Қазақстан Польшаның Орталық Азия өңіріндегі маңызды әріптестерінің бірі саналады. Жаһандық проблемаларды шешу ісіне белсенді атсалысқаныңыз үшін Сізге зор құрметпен қараймын. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ету кезіндегі бастамалары, соның ішінде өзім қатысқан жоғары деңгейдегі жарыссөздер – соның айқын дәлелі. Сіз қолға алып жатқан игі істер өңірде және әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізеді ден сенемін», — делінген жеделхатта.


 

Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич барша қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтап, Мемлекет басшысына жауапты қызметте табысқа жете беруіне тілектестік білдірді.

«Қазақстанның қол жеткізген жетістіктеріне тәнті екенімді білдіргім келеді. Сіз тиімді басшылығыңыздың арқасында "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері", "Бес әлеуметтік бастама", "Қазақстан – 2050" стратегиясы сияқты бастамалар аясында көздеген мақсаттарыңыздың бәріне қол жеткізесіз деп сенемін. Сіздің көрегендігіңіз бен жұмысқа берілгендігіңіздің арқасында Қазақстан қарыштап дамып, бірте-бірте әлемде маңызды орынға ие болып келе жатыр», — делінген жеделхатта.


 

Болгария Республикасының Президенті Румен Радев екі жақты негіздегі және Еуропа Одағы мен Қазақстан қарым-қатынастары аясындағы мемлекетаралық диалогтың даму барысына көңілі толатынын айтты.

«Елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы достық қарым-қатынастар біздің саяси, экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастығымыздың нығаюына өз үлесін қосатынына сенімдімін», — делінген жеделхатта.


 

Грузия Президенті Гиоргий Маргвелашвили Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бергі, салыстырмалы түрде, аз уақыт ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығының арқасында қуатты, дамыған, жоғары халықаралық бедел мен сенімге ие болған мемлекетке айналғанын атап өтті.

«Бұл күндері 20 жылдығын атап өтіп жатқан Астана заманауи Қазақстан дамуының символы екені сөзсіз. Сіздің Грузия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға өлшеусіз үлес қосқаныңызды ерекше атап өткім келеді. Екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді қарым-қатынастар дәстүрі алдағы уақытта да нығая береді деп сенемін», — делінген жеделхатта.


 

Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев өзінің құттықтау жеделхатында Қазақстан Президентінің екі мемлекетті байланыстыратын достық қарым-қатынастарды, тату көршілікті және одақтастықты нығайтуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтті.

«Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келеді және энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, жоғары технологиялар мен басқа да салалардағы перспективті бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Үкіметтеріміз арасындағы белсенді әріптестікке негізделген жұмыстар тәжірибе жүзіндегі кооперацияны одан әрі арттыруға және Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық іс-қимылдарымызды тереңдетуге септігін тигізеді деп сенемін», — делінген жеделхатта.


 

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың даму қарқыны жоғары екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Қытай – тату көршілер әрі көп жақты стратегиялық серіктестер. Мен Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының даму барысын жоғары бағалаймын және Сізбен бірлесе отырып, өзара қолдауды әрі қарай нығайтуға, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыруға бағытталған ынтымақтастықты тереңдетуге, екі ел халықтарының игілігі үшін жұмыс істеуге дайынмын», — делінген жеделхатта.


 

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қазіргі Қазақстанның жоғары жетістіктерінің, табыстары мен жеңістерінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты екенін айтты. Ш.Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай да дәйекті түрде дамып, жан-жақты нығая беретініне сенім білдірді.

«Өзіңізді халыққа адал қызмет етуге арнаған, еліңіздің болашағы мен әр азаматтың тағдырына алаңдайтын басшы ретінде таныттыңыз. Сіз шын мәніндегі адами және іскерлік қасиеттеріңіздің, әділ де талап қойғыш басшыға тән талантыңыздың арқасында тек Қазақстан мен біздің өңірде ғана емес, сондай-ақ одан да шалғай жерлерде зор құрмет пен жоғары беделге ие болдыңыз», — делінген жеделхатта.


 

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстанды одан әрі өркендету және дамыту жолындағы қызметіне толайым табыс тіледі.

«Тәжікстанда халықтарымыздың арасындағы тарихи қарым-қатынастардың, достық пен құрметтің тұрақты дамуына қосқан Сіздің жеке үлесіңіз жоғары бағаланады. Біз Астанадағы жуырда өткен келіссөздер мен кездесулер барысында Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы көп жақты ынтымақтастықты жаңа маңызды уағдаластықтармен нығайттық. Олардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы елдеріміздің стратегиялық серіктестігін жан-жақты бекемдеудің факторы болатынына сенімдімін», — делінген жеделхатта.


 

Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга өзінің құттықтау жеделхатында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Моңғолия қарым-қатынастарын дамытуға қосқан жеке үлесін атап өтіп, Циндао қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті барысында өткен екі жақты кездесудің нәтижелеріне оң баға берді.

«Мен Сіздің сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай ілгерілету үшін бізде зор мүмкіндіктер бар деген пікіріңізбен келісемін. Біз алдағы уақытта ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында өзара белсенді ықпалдастықты дамытуға дайынбыз. Сізге зор денсаулық, ал достас Қазақстан халқына бақ-береке тілеймін!», – делінген жеделхатта.


 

Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Елбасының басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген жетістіктерін атап көрсетті.

«Сіздің көшбасшылығыңыздың, дана әрі көреген саясатыңыздың нәтижесінде Қазақстанның мемлекеттілігі нығайып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, беделі күннен-күнге артып келеді. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды дамытып, нығайтуға өлшеусіз үлес қостыңыз. Әзербайжан мен Қазақстанның достығы мен ынтымақтастығының әріптестікке негізделген стратегиялық сипаты алдағы уақытта да халықтарымыздың мүддесіне қызмет ете беретініне сенімдімін», — делінген жеделхатта.


 

Украина Президенті Петр Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық, күш-жігер және жаңа жетістіктер, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі.

«Украина мен Қазақстан арасындағы достық және әріптестік қарым-қатынастар, сондай-ақ халықтарымыз арасындағы ізгі байланыстар екі елдің одан әрі өсіп-өркендеуіне және өзара тиімді ынтымақтастығына негіз болады», — делінген жеделхатта.


 

Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян өзінің құттықтауында екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар мен өзара құрметке негізделген күш-жігер Армения мен Қазақстанның байланыстарын одан әрі өркендетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

«Сіздің Мемлекет басшысы ретіндегі ел экономикасын дамытып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған қызметіңіз, өзіңіз жүргізіп отырған орнықты бағдардың арқасында, мемлекетті қалыптастыру тұрғысынан өзіндік қолтаңбаңызды айшықтайды», — делінген жеделхатта.


 

Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кирилл өзінің құттықтау хатында еліміздің өсіп-өркендеуі үшін Қазақстан Президентінің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды атап өтеді.

«Қазақстанның ұлт көшбасшысы бола отырып, Сіз өзіңізді салмақты әрі дәйекті шешім қабылдай білетін талантты басшы ретінде көрсеттіңіз. Атап айтқанда, республиканың игілігіне айналған берік дінаралық келісім мен ұлтаралық түсіністік Сіздің бастамаларыңыздың айқын жемісінің көрінісі болып саналады», — делінген жеделхатта.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз