Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

С. Жақыпова әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерді түсіндіріп берді

31 шілде 2018, 17:05
Фото: primeminister.kz

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы көлемі қалай өзгерді, шетел азаматтары мен ана болуға байланысты демалысқа шыққан әйелдерге БЖЗҚ-ға жарналар төленеді ме? Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз конференциясы барысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтып берді.   

Журналистердің осы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы мөлшері қалай өзгереді деген сұрағына вице-министр қайта есептеу үшін есептеу нүктесімен анықталған минималды мөлшер ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% құрайтынын айтты.

«Бұл 15 274 тг (1 шілдеге дейін алғаны). 1 шілдеден бастап еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе нөлге тең азаматтар 15 274 тг алады. Олар бұл сомадан аз алмауы тиіс», — деді С. Жақыпова.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ЕХӘҚМ күн тәртібінде тұрған жалғыз сұрақ — жұмыс берушілері зейнетақы жарналарын уақытылы төлемеген немесе барлығын бір аударыммен төлеген зейнеткерлер. Деректер базасында олар бір ай ретінде есептеледі.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған жарна бір айды емес, бір жылды қамтитынын растау қажет. Сот шешімі қажет. Үкімет қаулысын, бұйрықты қайта қарау керек, адамға дәлелдеуге мүмкіндік беру қажет. Егер еңбек кітапшасында оның 12 ай жұмыс істегені жазылып тұрса, алайда зейнетақы жарналарында тек бір аударым болса, аталған соманы 12-ге бөліп, 12 айға төленген сома ретінде есептеу қажет. Осы мақсатта жұмыстар атқарып жатырмыз», — деді С. Жақыпова.

Сондай-ақ, вице-министр ҚР-да өмір сүру туралы ықтияр хаты бар, елімізде тұрақты тұратын шетелдік азаматтар еңбек қызметін жүзеге асыру үшін мемлекеттік баж төлеу керектігін түсіндірді. Бүгінде осы баж салығы арқылы олар барлық міндетті төлемдерді төлейді.

Бұдан өзге, еңбек мигранттары, жұмыс берушілер еңбек жұмысы үшін шақырған шетелдіктер бүгінде жарна төлеуден босатылған. Себебі бүгінгі таңда олармен зейнетақы келісімшарты жоқ. Қазір мемлекеттер арасында келісу рәсімі жүргізіліп жатыр. Әрбір ел өзінің ұстанымын білдіруі керек. Қазақстанда 1998 жылдан бастап елден кеткен тұлғаларға БЖЗҚ-дан уақытылы жинақтары төленуде.

2018 жылғы 2 шілдеде Мемлекет басшысы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды. Құжат Елбасының азаматтарға әлеуметтік қолдауын күшейту бойынша берген міндеттерін іске асыруға бағытталған.

Бұдан өзге, С. Жақыпова балаға күтім жасау бойынша біржолғы төлемнің 10%-ы алынбайтынын айтты. Алайда, бала күтімі бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан түскен әлеуметтік төлемдердің 10% алынады.

«Мәселен, тұлға әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болды делік, оған МӘСҚ жарналар төленді. Жүктілік пен туу кезінде тиісті төлемдерді алды, кейін бала күтіміне байланысты демалысқа шықты. Еңбекақысы 100 мың тг болса, оған қордан төленетін төлем 40 мың тг болады. Оның 4 мың теңгесін әйел төлейді. Мемлекет бұл әйел жүйеге қатысуы үшін, оның зейнетақылық өтілі тоқтап қалмауы мақсатында бір жыл ішінде тағы 6 мың теңге субсидиялайды. Жүктілікке дейін БЖЗҚ-ға 10 мың тг төлегеніндей, баланы күту кезінде бұл 10 мың тг-ні мемлекет субсидиялайды және БЖЗҚ-ға төленеді», — деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ баспасөз конференциясында заңнамаға сәйкес зейнетақы аударымдарының жоғарғы және төменгі шегі белгіленгені аталып өтті. Жоғарғы шек ең төменгі жалақының 75 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс, төменгі шегі бір ең төменгі жалақының 10%-нан төмен болмауы керек.

Жеке кәсіпкерлер туралы айтар болсақ, есептелетін және аударатын жарналар алынатын кірісті жеке кәсіпкердің өзі анықтайды. Сондай-ақ, бір шарт бар, бұл табыс салық салуға белгіленген кірістен төмен болмауы тиіс.

С. Жақыпова әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерді түсіндіріп берді
1/4
С. Жақыпова әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерді түсіндіріп берді
2/4
С. Жақыпова әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерді түсіндіріп берді
3/4
С. Жақыпова әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерді түсіндіріп берді
4/4