Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

І жарты жылдықта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқарды

03 тамыз 2018, 12:37
Фото: primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Гревал І жарты жылдықтағы жаңа даму стратегиясы аясында Қордағы құрылымдық өзгерістердің нәтижелері туралы айтып берді.

Б. Гревалдың айтуынша, биыл сәуір айында Мемлекет басшысы қабылдаған стратегия аясында Қордың үш стратегиялық мақсаты анықталды.  

«Бұл компаниялардың тиімділігі, портфолионы басқару және тұрақты даму. Біз осы стратегиялық мақсаттарға төрт стратегиялық бастамалар арқылы қол жеткізгіміз келеді. Бұл – біздің компаниялардың кірісін ұлғайту, портфолио құрылымын жаңғырту, кірістерді әртараптандыру, корпоративтік басқаруды күшейту және тұрақтылық», — деді ол.

Б. Гревалдың айтуынша, қор қазірдің өзінде стратегияны іске асыруға кірісті және 2018 жылдың басынан бері оң нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда холдингтің еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқартылды. Құны 28,5 млрд теңге болатын 15 актив сатылды. Бұл бағытта «Самұрық-Қазына» қоры тағы 51 активті сатып, 102 стратегиялық емес активтен шығуды жоспарлауда. Аталған жұмыс жекешелендіру бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

«Стратегиямыздың 2018 жылдың І жартысында іске асырылуы оң қаржылық нәтижелерге әкелді. Осы жылдың ІІ жартысында біз үш ұлттық компанияның IPO-сын, біздің негізгі емес активтеріміздің сатылымын, басқару деңгейлерін төмендетуді, сондай-ақ біздің портфельдік компанияларға стратегиялық инвесторларды тартуды қамтитын стратегиялық бастамаларға баса назар аударатын боламыз», — деп нақтылады Қордың басқарушы директоры.

Сонымен қатар, Б. Гревал жаңа стратегия аясында құру жоспарланған келешек буын Қорының тұжырымдамасын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, егер бұған дейін қордың мандаты тек әл-ауқатты жасау болса, жаңа стратегия аясында ол қос рөл атқарады.

«Бұл – келер ұрпақ үшін Қазақстанның әл-ауқатын нығайту және сақтау. Біз теңгерімді әртараптандырамыз, одан кейін Қазақстанға қаржы ресурстарының ағынын қамтамасыз етеміз. Бұдан өзге, компанияның акционерлеріне төленетін дивидендтер көлемін ұлғайтуды, келер ұрпақтың әл-ауқатын сақтауды көздейміз. Келер ұрпақ қорының бұл мандаты басқа да әлемдік ұлттық әл-ауқат қорларының мандаттарына ұқсас», — деді Б. Гревал.

Еске сала кетейік, биыл сәуір айында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ Басқару кеңесінің отырысында Басқарма Төрағасы А. Есімов ҚР Президентіне Қордың жаңа даму стратегиясын таныстырған еді.

І жарты жылдықта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқарды
1/2
І жарты жылдықта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ еншілес компанияларының саны 359-дан 312-ге дейін қысқарды
2/2