Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Б. Сағынтаев Иран елшісі М. Дамирчилумен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту келешегін талқылады

09 тамыз 2018, 11:25
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР-дағы Иран Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаба Дамирчилумен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік және транзиттік-көлік салаларында ынтымақтастықты одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланып, жер қойнауын пайдалану және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды дамытудың келешегі қаралды.

Премьер-Министр Б. Сағынтаев соңғы уақытта Қазақстан–Иран ынтымақтастығы жақсы қарқын көрсетіп, екіжақты қарым-қатынас дамудың жаңа деңгейіне шыққанын айтты. Президент Н. Назарбаевтың Тегеранға сапары екі ел арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуде айрықша маңызға ие болды. Бүгінгі таңда Қазақстанда ирандық инвесторлардың қатысуымен жобалар іске асырылып жатыр.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев биыл 12 тамызда Ақтауда өтетін Каспий маңы мемлекеттері саммитінің маңыздылығын атап өтті. Саммит барысында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, Каспийде экономика, көлік, экология, қауіпсіздік және т.б. салаларда ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланады.

Өз кезегінде М. Дамирчилу Иран басшылығы бүгінде Еуразия өңіріндегі жетекші мемлекет болып табылатын Қазақстанмен ынтымақтастық мәселелеріне үлкен мән беріп отырғанын атап өтті.

«Соңғы жылдары көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды, экономика саласында ынтымақтастық үшін қолайлы жағдайлар жасалды. 2018 жылдың жарты жылында екі ел арасындағы тауар айналымы 70 пайызға артып отырғанын көріп отырмыз», — деді елші М. Дамирчилу.

Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 29 қаңтарда орнаған. Екіжақты қарым-қатынастың шарттық-құқықтық негізі 60-тан астам келісімдер мен құжаттардан тұрады.

2018 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы $251,4 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 41,7%-ға жоғары ($177,4 млн). 2018 жылдың қаңтар–мамыр айларында Қазақстаннан Иранға экспорт 36,1%-ға артып, $207,2 млн құрады.

Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз