Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Пәтер иелері кооперативінен бас тарту: мүлік иегерлерінің жаңа жүйесі қалай жұмыс істемек

11 қыркүйек 2018, 12:45
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтып берді. 

Оның сөзіне қарағанда, тұрғындар арасында талай дау, қызметінің ашықтығына күмән туғызып жүрген пәтер иелері кооперативтеріне халық сенбейді. Қазір көптеген ассоцияциялар басқарудың жаңа формасын: «бір үй — бір бірлестік — бір есепшот» қағидасы бойынша мүлік иегерлерінің бірлестігін құруды ұсынып отыр.   

«Тұрғын үйлерді басқарудың жүйесі мен құрылымы өзгермек. Пәтер иелері кооперативі үйге қатысты мәселелерді тек пәтер иелері ғана шешуі тиіс деген ұстаныммен жұмыс істеді, алайда пәтерлерден басқа бұл үйде басқа да астыңғы қабатта, мүмкін кәсіп көзін ашқан иегерлер бар. Олар да осы үй үшін жауапты болып, оның дамуы үшін өз тарапынан қолдау көрсетуі тиіс. Сондықтан, біз жылжымайтын мүліктің барлық иелерінде бірдей құқық болуы үшін жаңа норма енгіздік», — дейді вице-министр.

Бұл өзгерістер кондоминимумды басқаруда субъектілер арасындағы өзара түсінушілікті, шығынды басқарудағы ашықтықты, көрсетілетін қызмет сапасының жоғарылауына септігін тигізеді. 

Қ. Өскенбаевтың айтуынша, пәтер иелері кооперативтерінен олардың жұмыс тиімділігі төмендігінен бас тартылып отыр. Алайда, бұл бір мезетте жаңа басқару органдары құрылады деген сөз емес, өйткені заң жобасында қазіргі басқару формаларының мүлік иегерлері бірлестігі болып қайта құрылуына жарты жыл көлемінде уақыт қарастырылған. 

Мүлік иегерлері бірлестігі жарлығының үлгісі жасалады әрі оны тіркеуші органдарға көрсетудің қажеті болмайды. Бұл өз кезегінде бұл процесстің жеңілдеуіне мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар, мүлік иегерлері бірлестігі өз қызметін басқарушы не сервистік компания ретінде де жалғастыра алады, тек ол үшін пәтер иегерлері мен тұрғын емес үй-жай иегерлеінің келісімі керек. 

«Біз еліміздің барлық тұрғынына арналған е-шаңырақ атты мобильді қосымшасын жасап шығардық. Қазір пилоттық жоба ретінде республикадағы 190 үйді енгіздік. Біздің бір уақытта барлық тұрғын үйді жүйеге қосуға мүмкіндігіміз бар. Ол арқылы тұрғындар компания қандай жұмыс атқарып жатқанын, қандай материал алып, сізге қандай есеп шот келіп жатқанын көріп отыра алады», — дейді Қ. Өскенбаев.

Пәтер иелері кооперативінен бас тарту: мүлік иегерлерінің жаңа жүйесі қалай жұмыс істемек
1/2
Пәтер иелері кооперативінен бас тарту: мүлік иегерлерінің жаңа жүйесі қалай жұмыс істемек
2/2