Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

ҚР Президенті БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілімен және ЕҚЫҰ Бас хатшысымен кездесулер өткізді

10 қазан 2018, 17:17
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абдуләзиз әл-Насермен және ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гремингермен кездесулер өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Мемлекет басшысы съезге қатысқаны үшін Насир Абдуләзиз әл-Насерге ризашылық білдіріп, Өркениеттер альянсы Қазақстанның осы бастамасына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

«Қазақстан көпконфессиялы мемлекет ретінде конфессияаралық диалогты дамыту ісіне өз үлесін қосуда. Бұл Өзіңіз өкілдік ететін ұйымның мақсаттарына сай келеді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі форумға қатысуға мүмкіндік берілгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстанның әлемдегі мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті дамыту ісіндегі рөлі айрықша екенін атап өтті.

«Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне үшінші рет қатысып отырмын. Бұған дейін мен ешқашан осыншама дін өкілдерімен кездескен емеспін. Елдеріңіздің өркениетаралық диалогты дамыту жолындағы күш-жігерін жоғары бағалаймын», — деді Насир Абдуләзиз әл-Насер.

Кездесу барысында Қазақстан Президенті халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және қоғамдағы өзара келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін Насир Абдуләзиз әл-Насерді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Томас Гремингермен кездесу барысында Мемлекет басшысы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанадағы жүздесуінің ерекше маңызын атап өтіп, съезд жұмысына қатысқаны үшін ЕҚЫҰ Бас хатшысына ризашылық білдірді.

«2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенін білесіз. Біз бұл ұйымның осы ғасырдағы жалғыз саммитін өткіздік. Оның нәтижесі бойынша маңызды декларация қабылданды», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы арасындағы ықпалдастық пен кооперацияны одан әрі дамытудың маңызды екенін айтты.

Т. Гремингер Қазақстан Президентінің өңірлік қақтығыстарды реттеу және бейбітшілікті нығайту ісіндегі рөлі мен үлесін ерекше атап өтті.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз