Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

E-AӨК бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай шамамен 4 мың шаруа қожалығы цифрлануы тиіс — А. Евниев

06 қараша 2018, 17:15
Фото: primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының көрсеткіштерін жақсарту туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында алдағы бес жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кемінде 2,5 есеге арттыру міндетін қойған болатын. А. Евниев бұл міндетті жүзеге асыру үшін АӨК мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Бүгінгі таңда нақты шаралар атқарылып жатыр. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға барлық мүмкіндіктер бар.

Бұдан өзге, бірінші вице-министр «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында Қазақстан Президенті агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық көлемде қолдану үшін Үкіметке алдағы 3 жылда АӨК дамуына қосымша жылына кемінде 100 млрд теңге қарастыруды тапсырғанын айтты. 

А. Евниевтің сөзіне қарағанда, бұл шаралар еңбек өнімділігі мен өңделген тауар экспорты көрсеткіштерін жақсартуы тиіс. Бірінші вице-министр осы бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі атқарып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Бізде 14 негізгі ауыл шаруашылығы өңірі бар. Әрбір өңір үшін ауыл шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірледік. Осы бағдарламаларда "еңбек өнімділігі" және "қайта өңделген өнімдердің экспорты" көрсеткіштері бойынша индикаторлар белгіленген. Әрбір облыс өзінің аудандарының әлеуетін ескере отырып, бағдарламаны нақты жобалармен толықтыруы тиіс», — деп түсіндірді бірінші вице-министр.

Аталған жобалар іске асырылғанға дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарауға жіберіледі. Сондай-ақ, ҚР АШМ-нің апта сайынғы мониторингіне Астана қаласындағы азық-түлік белдеуі аясында орындалып жатқан 92 жоба алынған.

Бұған қоса, А. Евниев БАҚ өкілдерінің агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жөніндегі сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда e-AӨК атты цифрландырудың жекелеген бағдарламасы бар. Онда нақты көрсеткіштер анықталған. Олардың ең бастысы — мемлекеттік қызметтер, субсидиялар 100% автоматтандырылуы керек. Тағы бір маңызды көрсеткіш — 2020 жылға қарай 4 мың шаруа қожалығы цифрландырылуы тиіс.

«Бұл жұмыс бүгінде қолға алынған. Оларға көмектесу үшін біз үш полигон ашып, онда "дәлме-дәл егіншілік" технологиясын іске қостық. Аталған технологияның тиімділігі туралы айтар болсақ, мәселен, Бараев институтында 3 мың гектар жерге бидайдың шығуы басқа шаруашылықтарға қарағанда 2 есе жоғары болды», — деді бірінші вице-министр.

Бұдан өзге, А. Евниев агроғылым саласында Жол картасы дайындалып жатқанын айтты. Әр өңірде өңірлік инновациялық орталықтар құрылады. Сонымен қатар, жаңа ұйымдар құрылмайды. Агроғылым бойынша бұрыннан келе жатқан бөлімшелер, институттар және тәжірибелі станциялар бір орталыққа біріктіріледі, ол жерде технологиялар мен заманауи үрдістер зерттелетін болады.  

E-AӨК бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай шамамен 4 мың шаруа қожалығы цифрлануы тиіс — А. Евниев
1/3
E-AӨК бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай шамамен 4 мың шаруа қожалығы цифрлануы тиіс — А. Евниев
2/3
E-AӨК бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай шамамен 4 мың шаруа қожалығы цифрлануы тиіс — А. Евниев
3/3