Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

М. Құрмашев Astana Hub перспективалары туралы: АТ-мамандарының жаңа буыны инновациялар жасауға дайын

07 қараша 2018, 13:38
Фото: primeminister.kz

Астанада Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен Astana Hub АТ-стартаптар халықаралық технологиялық паркінің ресми ашылу рәсімі өтті. Шара барысында жаңа орталық алаңында қазақстандық АТ-қауымдастығының өкілі Мирус Құрмашев сөз сөйледі.

АТ-маманының айтуынша, шамамен бір жыл бұрын Елбасы стартаптар көрмесіне барып, көптеген жас новаторларды жаңа жобаларды қолға алып, жаңалықтарды ашуға шабыттандырды. Істі жаңадан бастап жатқан мамандар жігерленіп, Қазақстанда АТ-бағытын дамытуға белсенді араласуға шешім қабылдады.

«Сол көрмеде Сіз бұл біздің міндетіміз бен болашағымыз екенін айттыңыз. Біз үлкен қуанышпен жігерленіп, өз бастамамызбен өңірлерге, басқа қалаларға жол тарттық. Басқа АT-мамандарына Сіздің ойыңызды, абсолюттік инновациялар туралы көзқарасыңызды жеткізгіміз келді. Оқушылармен, студенттермен, жастармен кездескенде, егер олардың жақсы идеялары мен жұмыс істеуге деген құлшынысы болса, біздің елімізде АT-маманының қазақстандық арманын орындауға бар мүмкіндігі бар екенін айтамыз. Бүгінде АT-мамандарының жаңа буыны, жаңа толқыны барынша жұмылдырылған әрі жаңа инновацияны жасауға толықтай дайын», — деді М. Құрмашев.

Ол кейбір сәттерде қиындықтарға тап болғанын айта келе, алайда ел Президентінің қолдауы әрқашан өз мақсатына қарай алға жылжуға көмектескенін атап өтті.

«Біз басқа елдерде болдық, өзге технопарктерді аралап көрдік. Беларусь,  Ресей, Түркия, Сингапурға да бардық, алайда біздің елдегідей Astana Hub айналасында салынған экожүйе ешқайсысында да жоқ. Бірнеше жыл бұрын жастар арасында Кремний алқабына кетіп, “Google” немесе “Youtube”-та жұмыс істеу өте сәнді болатын. Біз де онда болдық. Отандастарымызды кездестіріп, “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында елімізде атқарылып жатқан шараларды естіп, олар елге қайта оралды» , — деді қазақстандық АT-қауымдастығының өкілі.

Оның айтуынша, Қазақстанның әр түкпірінен жастар «Astana Hub»-та бірлесіп жұмыс істеу үшін бас қосып, онда әрбір маман өз тәжірибесімен бөлісіп, ең бастысы — бәсекелі ортаны құруға жол ашады.

«Біз Astana Hub-та мұнда үлкен офис пен әдемі интерьер болғаны үшін жүрген жоқпыз, бұл жерге өршіл жоспарлары бар адамдар жиналған, мұнда жаңа идеялар, жаңа ашылулар, жаңа мүмкіндіктер туады, инвесторлармен, венчурлермен, мемлекеттік қызметкерлермен кездесу мүмкіндігі бар. Адал бәсекелестік пайда болды, дегенмен бұған қарамастан, Қазақстан туының астында мақсатымыз бір, үлкен ұйымшыл АТ-топ болып жұмыс істеп жатырмыз», — деді ол.

М. Құрмашев АТ-маманы үшін еліне және өз қоғамына пайдалы игі іс жасап, әлемдік АТ-қауымдастықта танылу өте маңызды екенін атап өтті.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз