Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Оңтүстік Кореяда Қазақстанның қазіргі заманғы өнері көрмесі ашылды

29 қараша 2018, 10:28
Фото: Александр Угай

27 қарашада ҚР Ұлттық мұражайы SIMA қазіргі заман өнері мұражайында (Оңтүстік Корея, Сувон) «Еуразиялық утопия: Post Scriptum» атты көрмені ашты. Көрме SIMA мұражайымен бірлесіп ұйымдастырылған. Экспозицияда кеңестік және қазіргі заманның 57 суретшісінің 100-ден астам туындысы бар. Көрме — «Фокус Қазақстан» халықаралық жобасы аясында өткен шетелдік іс-шаралардың төртінші әрі соңғысы.

 

«Фокус Қазақстан» «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр және «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет — жаһандық әлемде» атты арнайы жобасының бір бөлігі  болып табылады.

«Фокус Қазақстан» жобасының кураторы Роза Әбенованың айтуынша, жоба халықаралық аренадағы Қазақстанның заманауи бейнелеу өнерін ауқымды көрсете алған ұйымдастыру тәжірибесінің алғашқы және табысты мысалы бола алады. 4 қалада (Лондон, Берлин, Джерси Сити, Сувон) 400-ге жуық жұмыс және 94 суретшінің мұрағат құжаттары көрсетілді. Жобаның соңында әр көрме бойынша каталогтар шығарылады.

«Еуразиялық утопия: Post Scriptum» көрмесі кеңестік кезеңнің және қазіргі заманғы суретшілердің шығармашылығын зерделеу, көркемдік дәстүрдің жалғасы мен онымен байланыстың үзілуін көрсету, республикамыздың тәуелсіздігі кезеңіндегі қазіргі заманғы өнердің дүниеге келуі, жаңа дискурстар мен медианың пайда болуы арқылы  қазақстандық өнердің нарративтерін анықтауға тырысады. Ұлттық сурет өнері мектебінің ерекшеліктері, «жергілікті модернизм» феномені және тәуелсіздік кезеңіндегі өнер — осы көрменің басты тақырыптары. Көрмеде Үкі Әжиевтің, Ольга Кужеленконың, Салихитдин Айтбаевтың, Жаңатай Шәрденовтің, Евгений Сидоркиннің, Алексей Степановтың, Михаил Кимнің, Борис Пактың, Әбдірашит Сыдыхановтың, Рустам Хальфиннің, Сергей Масловтың, Сәкен Нарыновтың, Серікбай Әлжановтың, Ербосын Мелдібековтың, Елена мен Виктор Воробьевтардың, Александр Угайдың, Бақыт Бүбіқановтың, Әлібек Мергеновтің, Сәуле Дүйсенбинаның, Нұрбол Нұрахметтің және басқаларының шығармалары ұсынылды.

«Еуразиялық утопия: Post Scriptum» көрмесінің жетекшілері: Сорокина Юлия (Қазақстан), Шин Ын Янг (Оңтүстік Корея). Юлия Сорокина жергілікті модернизм феноменін, суретшілердің модернизм мұрасын сезінуі мен оның өз тәжірибелерімен ұштастыруын атап көрсетеді.

Шин Ын Янгтің айтуынша, «Қазақстан Кореямен тарихи тұрғыдан тығыз байланысқан, бірақ, біз Қазақстанның өнері мен мәдениеті туралы тым аз білеміз. Қазақстан өнерінің алғашқы көрмесінің арқасында біздің ол туралы көбірек білуімізге мүмкіндік туды».

«Фокус Қазақстан» жобасын ҚР Ұлттық музейі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды. Көрме 2019 жылдың 3 наурызына дейін жалғасады.


Қазақстан Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-арнаға жазылыңыз

Оңтүстік Кореяда Қазақстанның қазіргі заманғы өнері көрмесі ашылды
1/4
Александр Угай
Оңтүстік Кореяда Қазақстанның қазіргі заманғы өнері көрмесі ашылды
2/4
Александр Угай
Оңтүстік Кореяда Қазақстанның қазіргі заманғы өнері көрмесі ашылды
3/4
Александр Угай
Оңтүстік Кореяда Қазақстанның қазіргі заманғы өнері көрмесі ашылды
4/4
Александр Угай