Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Адам капиталына инвестициялар және бүкіл өмір бойы оқып-үйренуге ынталандыру: сарапшылар еңбек нарығын дамыту бағыттарын талқылады

29 қараша 2018, 11:52
Астана
Фото: primeminister.kz

Бүгін Астанада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен «Болашақ еңбек нарығы: жаңа мүмкіндіктер» атты форум өтті. Шараға 300-ге жуық қазақстандық және халықаралық сарапшылар, ірі жұмыс берушілер, шетелдік инвесторлар мен мемлекеттік орган өкілдері жиналды.

Форум Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайларында әлемдік еңбек нарығындағы қарқынды өзгерістер аясында Қазақстандағы жұмыспен қамту және әлеуметтік саланы дамыту келешегін талқылау мақсатында ұйымдастырылды. Еңбек нарығы инфрақұрылымын цифрландыру және кадрлар даярлау жүйесін өзгерту мәселелері белсене талқыланды. Сонымен қатар еңбек ресурстарын жұмылдыру және шетелдік таланттар ағыны, инклюзивтілік жолында жұмыспен қамтудың белсенді саясатын дамыту, сонымен қатар мақсатты топтарды қолдаудың жаңа құралдары тақырыптары көтерілді.

Пленарлық мәжілістің жұмысын ашқан Премьер-Министр, еңбек нарығының өзгеруі әрі онымен байланысты сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер Қазақстандағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін айтты. Бұл форум, өз кезегінде, еңбек нарығын жаңғыртудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасуға мүмкіндік береді.

ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың сөзінің толық мәтіні мұнда жарияланады.

Пленарлық отырыста халықаралық ұйым өкілдері еңбек нарығына өзгерістер енгізіп жатқан жаһандық үрдістер туралы әңгімелеп берді. Халықаралық тәжірибесі бар сарапшылар дамыған және дамушы елдер үшін әлемдік үрдістердің әсері туралы айтты. Дамыған және дамушы елдердің практиктері өз кезегінде, жұмыспен қамту, білім беру және әлеуметтік қорғау шараларын қамтамасыз етудегі өзгерістерді басқарудағы тәжірибелері мен жоспарларын ұсынды.

Пленарлық сессияның модераторы болған BCG компаниясының басқарушы директоры С. Перапечка еңбек нарығының теңгерімділігі, адам капиталын дамытудың жоғары деңгейі, жоғары өнімділік пен жұмыспен қамту мәселелері көптеген елдердің Үкіметінің күн тәртібінде тұрғанын атап өтті. Қазақстан  да бұдан тыс қалмады.

«Қазақстан Президенті Н. Назарбаев «Адам капиталы» тақырыбын 2019 жылы Шетелдік инвесторлар кеңесі кезінде талқыланатын негізгі тақырып ретінде ұсынып, жариялады. Қазір бұл ғимаратта адам капиталын дамыту мәселелері талқыланған Шетелдік инвесторлар кеңесі өтті. Жаңа адам капиталы – Үкіметтің 2025 жылға дейін дайындаған Стратегиялық даму жоспарының бірініші реформасы. Бүгінгі кездесудің мақсатының екі қыры бар. Біріншісі – еңбек нарығын дамытудың сын-тегеуіріндері мен болашағын талқылау. Екіншіден, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекеттер, жұмыс берушілер және әрқайсымыз қолданатын практикалық шешімдерді талқылау», — деді С. Перапечка.

Дүниежүзілік банктің жаһандық білім беру практикасы жөніндегі директоры Кейко Миуа өз баяндамасын еңбек сипатының өзгеруіне арнап, бұған қатысты бірқатар ұсынымдарды атады.

«Еңбек нарығындағы өзгерістер біздің елдерімізге зор ықпалын тигізіп отыр. Егер гуглде «болашақтағы жұмыс» деген сөзі ағылшын тілінде теретін болсаңыздар, бірнеше секунд ішінде 2,6 млрд жауабын табасыздар. Бұл шынымен де қазіргі таңдағы өте өзекті мәселе», — деді сарапшы.

Оның айтуынша, робототехника мен жасанды интеллектіге және олардың біздегі әдеттегі жұмыс орындарын қалай алмастыратынына қатысты үлкен пікірталастар өткізілген. Автоматтандырудың арқасында әдеттегі секторлардағы жұмыс орындарының басым бөлігі жойылады. Бірақ инновациялар жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Жалпы, жұмыс орындары арта түспек, бірақ мықты әлеуметтік және эмоциялық дағдыларды талап ететін болады. Сарапшы атап өткендей, қазір қарбалас когнитивті дағдылардың қажеті жоқ.

«Технологиялық компаниялар жылдам өзгеріп жатыр. Технологиялар да өзгеруде, олар да адамдардың жұмыс істеуін өзгертіп жатыр. Олар жұмыс істейтін жағдайлардың ұзақтығы аз – қысқамерзімді, жарты күн жұмыс істеу, үйде жұмыс істеу, онлайн плафтормалар арқылы жұмыс істеу. Алайда жалпы, олардың саны шамалы – әлемдегі еңбек ресурстарының небәрі 3% құрайды. Бірақ трендтер арта түсуде. Осы өзгерістердің арқасында Үкімет не істеуі керек? Біз үш негізгі инвестицияға: адам капиталына инвестицияларға, бүкіл өмір бойы оқуға ынталандыруға баса назар аудардық. Сонымен қатар, еңбек сипатының өзгермелі сипатының салдарынан әлеуметтік қорғудың мықты жүйесі болуы қажет», — деді Кейко Миуа.

ЭЫДҰ-ның еңбек және әлеуметтік істер директоратының басшысы, ұйымның мүшесі болып табылмайтын елдердің ісі жөніндегі басшы Алессандро Голио өз кезегінде, еңбек әлеміндегі өзгерістерге және олардың еңбек нарығына ықпалына тоқталды.

«Көптеген елдерде біз жаһандық дағдарысқа дейін, тіпті, одан төмен жұмыссыздық деңгейіне қайта оралып отырмыз. Дегенмен, осы динамика аясында біз елдер арасындағы үлкен айырмашылықтарды да байқадық. Түрлі типті фирмалардың арасындағы өнімділік деңгейінде айырмашылық артып келеді. Технологиялық өзгерістерге бейімделу әркелкі қарқында жүріп жатыр: кейбір компанияларға оны қамтамасыз ету қиынға соғуда. Біз еңбек нарығының жіктелуін байқап отырмыз. Бұл орташа деңгейде дағдылардың төмендеп, ал ең жоғарғы және ең төменгі дағдыларға ие жұмыспен қамтудың көтеріліп келе жатқанын білдіреді. Яғни, қасаңдыққа бейім жұмыс орындарына көп ықпалы тиетін болады», — деді Алессандро Голио.

Технологиялар, жұмыс орындары мен еңбек нарығы саласындағы саясат туралы Азия даму банкінің Тұрақты даму және климаттың өзгеруі департаментінің бас директорының орынбасары Киара Бронки айтып берді.

«Мен Қазақстанға 10 жыл бұрын келгенмін. 10 жылдан соң ашық елдің динамикасын, энергиясы мен проактивті ойлауының артқанын көру өте керемет. Бұл аспектілер жаһандық деңгейде технологиялық ілгерілеудің әлеуетін қамтып қалу үшін аса маңызды. Технологиялар жаңа кәсіптердің пайда болуына әкеледі, олар – қасаң когнитивті дағдылар емес. Қазір біліктілігі төмен жұмыс күшін біліктілігі жоғары жұмыс күшінің ығыстыруы орын алуда», — деді Киара Бронки.

PwC серіктесі Майкл Ахерн практикалық жағынан жұмыскерлерді болашаққа дайындау туралы баяндап берді. Атап айтқанда, сарапшы PwC-тің Лондон бизнес-мектебімен 2030 ж. жұмыс ортасының болжамы және бүгінгі құзыреттер мен болашақта қажет болатын құзыреттер арасындағы айырмашылықтар, құзыреттер мен дағдылар саласындағы соңғы зерттеулердің нәтижелерін ұсынды.

«Біз технологиялар, жасанды интеллект, ауқымды деректер туралы айтып отырғанымызда, жұмыс ортасы біз үшін әлі аса маңызды фактор болып қалып отырғаны таңқаларлық жайт. Бәріміз де адамбыз. Біз үйлесімді ортасы қалыптасқан, жұмыс жүктемесі қолайлы, даму үшін жағдайлар жасалған жерде жұмыс істегіміз келеді. Бұл фактіні назардан тыс қалдыруға болмайды. Яғни, адамның сана-сезіміне әлі де барынша назар аударылады. Бірақ сөйте тұра, біздің бұрын болмаған мәліметтерге қолымыз жетімді. Сондықтан жұмыс берушілер ретінде біз осы артықшылықтарды пайдалануымыз керек», — деді Майкл Ахерн.

«EY Сингапур» персоналды басқару жөніндегі кеңес беру қызметі бойынша серіктесі Самир Беди болашақтың дағдылары мен ең үздік халықаралық практика туралы, сондай-ақ Сингапур Үкіметінің оны қалай іске асырып жатқаны туралы айтып берді.

«2018 ж. біз Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығын атап өтудеміз. Біздің елдеріміздің арасында белгілі бір ұқсастықтар мен айырмашылықтар бар. Басты ұқсастық біздің жаңа еңбек нарығына деген ұмтылысымыз, дағдыларымызды қайта құру мүмкіндіктеріміз болып табылады. Сингапур үшін еңбек нарығы бүкіл әлем болып табылады және біздің негізгі активтеріміз – адамдар. Біз үшін біздің адамдарымыздың бәсекеге қабілеттілігі мен қажетті дағдыларының болуы аса маңызды. Соңғы 3-5 жылда біз «Жұмыс күшін еңбек нарығының жаңа талаптарына сай келуі үшін қалай дайындау керек?» деген сауалға жауап табуға тырысып жүрміз», — деді Самир Беди.

«Шеврон» еуразиялық бөлімшесінің персоналды басқару жөніндегі басқарушы директорының орынбасары Дайана Гиллиздің баяндамасы цифрландыруға және жұмыс күшінің эволюциясына арналды.

«Цифрлық технологиялар біздің өмірімізді, жұмыс істеу салтымызды, демалысымызды өзгерістерге ұшыратқан шынайылыққа айналды, бұл тұста басты сөз «өзгеріс». Өзгерістер жекелеген адамдар үшін де, бүкіл компания үшін де нормаға айналды. Шеврон компаниясы цифрлық революцияның бизнесті жетілдіру үшін үлкен мүмкіндікке айналатынына сенімді. Біз Қазақстанда 25 жылдан бері жұмыс істеп келеміз, Қазақстан Үкіметінің серіктесі болып табыламыз.

Біз цифрлық технологияларды өз жұмысымызда қалай пайдаланамыз? Мысалы, жүргізушілер жүретін миллиондаған шақырым жолдарымыз бар, біз жүргізушілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қазір технологияларды пайдаланамыз. Жүргізуші кенет ұйықтап кетсе, жолда бір нәрсеге алаңдаса, жүйе бұл туралы жүргізушіге хабарлап, ұзақмерзімді перспективада оның жұмысына мониторинг жүргізеді, сондықтан біз өзгерістер енгізе аламыз. Біз жабдықты тоқтату үшін қолдана алатын дрондар тәрізді автоматтандыру құрлдарын пайдаланамыз. Біз әрдайым үйрететін компания болуымыз керек, бүкіл өмір бойы оқыту – табыс кілті. Біз біздің кен орындарымызда визуализация технологияларын пайдаланамыз, онда қызметкерлерге кеңседен нұсқау беріледі, сол арқылы супервайзер қызметкерлердің қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын көретін болады. Негізгі тұжырымдамамыз - бүкіл өмір бойы даму. Сонымен қатар басымдықтардың бірі – көшбасшылық, біз көшбасшылардың өз жұмыскерлері үшін қажетті жағдайларды жасап отырғанына сенімді болуымыз керек, жұмыс жүктемесін басқарып, жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды», — деді Дайана Гиллиз.

Шетелдік сарапшыларды тыңдап болған соң ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Қазақстан Үкіметі еңбек нарығын қалыптастыру бойынша қабылдап отырған шаралар, бүгін халықаралық компаниялардың өкілдері баяндаған шаралармен сәйкес келетінін атап өтті. Сонымен қатар, Премьер-Министр шетелдік сарапшыларды Қазақстанға бірлескен жұмыстарды түсінісу мақсатында Қазақстанның немен айналысып, қалай дамып, қайда бағыт алғанын білу үшін жиі келуге шақырды.

Сонымен қатар форум аясында Дүниежүзілік банктің қолдауымен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырып жатқан «Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру» жобасының бірінші кезеңінің қорытындылары шығарылды. Қатысушылар қазіргі заманғы технологиялардың халықаралық және жергілікті деңгейде түрлі еңбек дағдыларының сұранысына ықпалын, ХХІ ғасырда қажетті дағдылар мен құзыреттерді қалыптастыруда білімнің рөлін талқылады, сонымен қатар Қазақстанның еңбек нарығында балансты жетілдіру және қалыптастыру үшін Ұлттық біліктілік жүйесінің дамуының маңыздылығын атап өтті.  

Форум аясында «Технологиялар, дағдылар мен адамдар», «Ірі жұмыс берушілер: жаңа сын-тегеуріндер», «Инклюзивті жұмыспен қамту және жұмыскерлерді қолдау шаралары», «Дағдылар және жұмыс орындары» тақырыптарына төрт тақырыптық сессия өтті, онда форум делегаттары әлемдік еңбек нарығындағы сын-тегеуріндердің ұлттық нарықтарға ықпалын, жұмыспен қамтудың жаңа формалары мен әлеуметтік қорғау жүйесінің бейімделуін бағалады.

Адам капиталына инвестициялар және бүкіл өмір бойы оқып-үйренуге ынталандыру: сарапшылар еңбек нарығын дамыту бағыттарын талқылады
1/3
Адам капиталына инвестициялар және бүкіл өмір бойы оқып-үйренуге ынталандыру: сарапшылар еңбек нарығын дамыту бағыттарын талқылады
2/3
Адам капиталына инвестициялар және бүкіл өмір бойы оқып-үйренуге ынталандыру: сарапшылар еңбек нарығын дамыту бағыттарын талқылады
3/3