Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

Қосымшаны Android-қа жүктеп алу

Біздің дәліздер тартымды әрі бәсекеге қабілетті — Ж. Қасымбек «Нұрлы жол» мембағдарламасы аясында транзиттік-логистикалық хабты дамыту туралы

06 ақпан 2019, 12:35
Фото: primeminister.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында көлік инфрақұрылымын дамыту туралы айтып берді.

ҚР ИИДМ деректері бойынша, көлік жүйесінің сапалы жағдайы – ел дамуының міндетті шарты саналады. 2018 жылдың қорытындысы бойынша көлік қызметтерінің көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 4,6% ұлғайтылды. Ел аумағы арқылы барлық көлік түрімен тасымалданған жүктің жалпы көлемі 6% өсіп, 19 млн-нан астам тоннаны құрады. Соның ішінде 2017 жылмен салыстырғанда Қытай – Еуропа бағытында өсім 40% деңгейінде және Еуропа – Қытай бағытында 80% деңгейінде белгіленген.

«Еуразия орталығында транзиттік-логистикалық хаб қалыптасқан. Біздің дәліздер тартымды әрі бәсекеге қабілетті. "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында автожол жобаларын ауқымды түрде іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы Тәуелсіздік жылдары шамамен 12 мың шақырым жол салынып, реконструкцияланды», — деді министр.

Осылайша, 2018 жылы 1,5 мың км республикалық маңызы бар жол жөнделіп, 528 км реконструкцияланды. Биыл республикалық маңызы бар 4,4 мың км автожол жөндеуден өтті. Жобаларға 100 мыңнан астам жол құрылысшылары тартылған. Жылдың соңына дейін ұзындығы 654 км учаскеде қозғалыс ашылады.

Ж. Қасымбек атап өткендей, Мемлекет басшысының өңіраралық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында былтырдан бастап жергілікті желі жолдарын жөндеуге бөлінетін қаражат тепе-тең негізде 2 есе ұлғайтылып, 150 млрд теңгеге дейін жеткізілді. 4 мыңнан астам автожол жөнделді. 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың 85-90% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болады деп күтілуде.

Сонымен қатар, автокөлік жолдарының нормативтік қамтылуы мен сақталуын қамтамасыз ету мақсатында жолдарды ақылы ету жүйелерін енгізу бойынша жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 471 км болатын Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай және Астана – Теміртау жол учаскелерінде ақы алу басталды. Министрдің айтуынша, екі жыл ішінде тағы 5,5 мың км жолда ақы төлеу жүйесін іске қосу жоспарланған. Осы қаражат есебінен автожолдарды сақтауға жұмсалатын шығындар айтарлықтай қысқарады.

Министр, сондай-ақ, жолдар сапасына мониторинг қалай жүргізілетінін түсіндіріп өтті.

«Әр нақты жолдың жай-күйін білеміз. Бізде осы жылдың қаңтар айынан бастап бірыңғай ұйымға айналған сапа орталығы бар. Бұл ұйымның міндеті – құрылыс кезінде көмек көрсету және ол әрбір жолдың жай-күйі туралы нақты ақпарат береді. Мұндай орталық жұмыс істеп тұр және біз жолдардың жағдайын қадағалап отырамыз», — деді Ж. Қасымбек.

Ж. Қасымбек баспасөз конференциясында азаматтық авиацияда көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалатынын атап өтті. Транзиттік жолаушылар саны 2010 жылғы 20 мыңнан 2018 жылы 900 мыңға дейін өсті. 2020 жылы транзиттік әуе жолаушыларының саны 1,6 млн адамды құрайды.

Сонымен қатар, осы жылдың І жартыжылдығында FlyArystan алғашқы ұлттық әуе төменгі бюджетті әуекомпаниясы іске қосылады деп көзделген. Пайдаланудың алғашқы жылында «Эйр Астана» әуе компаниясындағы бағадан екі есе төмен бағамен 1 млн жолаушыға дейін тасымалдау жоспарда бар. Жаңа әуе тасымалдаушысының басты міндеті – қазақстандықтарды барынша бюджеттік тасымалмен қамтамасыз ету.

«Жаңа лоукостерде ұшу құны $40-50 шамасында болады. FlyArystan билеттері наурыз айының соңында – сәуір айының басында басталады», — деп нақтылады Ж. Қасымбек.

«Эйр Астана» АҚ ақпараты бойынша FlyArystan бағалары «Эйр Астана» бағасынан екі есе арзан болмақ. Тарифтер 2019 жылғы көктемде қолжетімді болады. Алғашқы рейс осы жылдың мамыр айына жоспарланған.

Жолаушы ұшу кезінде өзіне қажетті қызмет түрлерін өз бетінше таңдай алады. Осылайша, жолаушы осы қызметтердің бәрінен бас тартып, билетінің бағасын мүмкіндігінше арзандата алады.

Биыл FlyArystan әуе компаниясы Алматыдан Астана, Атырау, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Тараз қалаларына ұшуды жоспарлап отыр.

«Эйр Астана» АҚ ақпаратына сәйкес, алғашқы төрт A320 ұшағы «Эйр Астана» әуе компаниясының флотынан алынады және 2022 жылға қарай флотты 15 ұшаққа дейін ұлғайту көзделген.

Біздің дәліздер тартымды әрі бәсекеге қабілетті — Ж. Қасымбек «Нұрлы жол» мембағдарламасы аясында транзиттік-логистикалық хабты дамыту туралы
1/2
Біздің дәліздер тартымды әрі бәсекеге қабілетті — Ж. Қасымбек «Нұрлы жол» мембағдарламасы аясында транзиттік-логистикалық хабты дамыту туралы
2/2